Облыс әкімдерін сайлау керек – Күнболат Өмірбай

Мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша Астана мен Алматыда ең көп кандидат тіркеліп, саяси додаға қатысып жатыр. Солардың ішінде Астана қаласындағы №1 сайлау округынан Мәжіліс депутаттығына сынға түсіп жатқан Күнболат Өмірбай.  Кандидат барлық азаматтарды табыс салығынан толық босату керек деген пікірде.   

«Бахрейн, Қатар секілді мемлекеттер біз секілді мұнай сатып, табыс тауып жатқан мемлекеттер. Бір қызығы аталған мемлекеттер табыс салығын алып тастаған. Олар тек мұнайдан түскен табыспен халықтың әлеуметтік жағдайын көтеріп отыр. Резиденттерді табыс салығынан толық босатудың мақсаты не? Қазір мен 500 мың теңге жалақы алатын болсам, табыс салығы үшін 50 мың теңге төлеймін. Ал енді сол салықты біздің үкімет пен жергілікті әкімдер дұрыс пайдаланып отыр ма, жоқ па? Қазір коррупцияның деңгейі көтеріліп кеткенін тендер мәселесінен байқауға болады.

Мысалы қазір «шотал» беру 18-20 пайызға көтеріліп кеткен. Егер 100 миллион теңгенің тендерін алатын болсаңыз, 18-20 миллион теңгені тастауыңыз керек. Оны бермесеңіз тендер ала алмайсыз. Егер тендер алып берген адамға ақша берсеңіз, салып жатқан нысанның сапасы сын көтермей қалады. Кәсіпкер берген ақшасын сапасыз материал сатып алу арқылы шығарып алады. Егер табыс салығын алып тастасақ, онда ол жергілікті жердегі корупцияның төмендеуіне үлес қосады деп ойланмын. Иә, бюджеттің кіріс бөлігі төмендейді. Бірақ ол жергілікті жердегі әкімдердің жұмыс істеуіне септігін тигізеді.

Ал қазір біздің әкімлер не істеп отыр? Олар тек қана келген ақшаны игеріп, тендер бөліп отыр. Бұл бізде ақша көп деген сөз. Жуырда қоғам қайраткері Мұхтар Таижан осы мәселені көтерді. Мұхтар Тайжанның айтуынша, коррупцияны жеңудің бір жолы оны тудырып жатқан мәселені жою керек. Ал коррупцияны ақшаның көптігі мен заңның дұрыс жұмыс істемеуі тудырып жатыр. Бізге осы екі мәселемен жұмыс істеу керек. Қарапайым азаматтар күні-түні жұмыс істеп, амалсыздан 40-50 мың теңге табыс салығын төлейді. Біздің салығымызды әкімдер ұрлап жатыр. Мен өзімнің табыс салығымды ұрыларға неге төлеуім керек? Мен оданда сол 50 мың теңгені бала-шағама жұмсамаймын ба?», – дейді кандидат.

Сондай-ақ Күнболат Өмірбай барлық деңгейдегі әкімдердің сайланбалығын қамтамасыз етіп, жергілікті өзін өзі басқару жүйесінің рөлін күшейту керек деген пікірде. Өйткені ол ауылдан бастап облыс әкімдеріне дейін сайлауға мүмкіндік бар екенін ескертті.

«Былтыр ауыл әкімдері сайланды. Олардың енді қалай сайланғаны белгілі. Аудан әкімдігі белгілі бір кандидатты таныстырып, «осыны өткізіп жіберсеңіздер» деп айтады. Шын мәнісінде өзін-өзі ұсынып өткендер некен-саяқ. Ал енді ауыл әкімін сайлағанның өзінде оның құзыреті жоқ, ештеңе шеше алмайды. Мысалы ауданға бір жалтақтаса, халық сайлады қылды дегеннен кейін халыққа бір жалтақтайды. Халық «Сені біз сайладық» дейді, ал аудандағы басшылар «Сені біз бекіттік» дейді.

Ал енді аудан әкімін сайлау мәселесіне тоқталайын. Аудан әкімін тағайындау – президент әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімі таныстып, оны мәслихат бекітеді. Кезінде Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында мәслихан депутаты болған кезде үш әкімді бекіттік. Облыс әкімі «Осы азаматты сіздерге әкім етіп әкеліп отырмыз. Бекітіп беріңіздер» деп айтады. Бәрі бір ауыздан бекітіп береді. Негізі бұлай болмау керек. Ауыл әкімі жергілікті жерден кандидатурасын ұсынып шыққаннан кейін мәслихат депутаттары таңдау керек. Бұл ең оңтайлы шешім болар еді.

Мысалы бір ауданда шамамен 100 мың адам болатын болса, онда рушылдық болып кетуі мүмкін. Ал енді 100 мың адамның ішінен сайланып шыққан әкімді таңдаған халықтың ұстанымы қате бола қоймайды. Өйткені білім мен еңбек өтілі бар бола тұра олар нашар адамды таңдаймайды. Сол секілді облыс әкімінде сайлауға мүмкіндік бар. Облыстық мәслихат депутаттарын сайлаған халық облыс әкімін де сайлай алады деп санаймын. Ал енді «Біздің халықтың деңгейі облыс әкімін сайлауға жеткен жоқ. Әлі дайын емеспіз» деген сөзді талай жылдан бері естіп жүрміз. Бірақ біз осы уақытқа дейін бірнеше рет президентті сайлап жүрміз ғой. Мақұл, аудандық деңгейде рушылдыққа бөлініп кету мүмкін екен, бірақ Астана, Алматы және Шымкент секілді үш мегаполистің әкімін халық неге сайламайды? Халық өзі сайлап алады ғой. Қала халқының білім деңгейі қанша айтқанмен жоғары болады. Үш қаланың әкімін тікелей сайлау арқылы таңдау керек деп есептеймін», – деді кандидат.

Кандидат сөз соңында өзі сайлауға түсіп жатқан Астана қаласының Алматы және Байқоңыр аудандарының халқын сайлауға келіп, өзіне дауыс беруге шақырды. Сондай-ақ ол халықтың сайлауда белсенді болуы өте маңызды екенін ескертті.

Республикалық бюджет есебінен Астана қаласының сайлау комиссиясы төледі