«Солженицын бола алмайсың». Дулат Исабеков Мұхтар Мағауиннің сынына жауап берді (ВИДЕО)

Белгілі жазушы Дулат Исабеков «Адал адам» ютуб каналында Мұхтар Мағауиннің сынына жауап берді, деп хабарлайды alashorda.kz сайты.
Бұған дейін жазушы Мұхтар Мағауин «Жер сатуды Дулат Исабеков қолдады» деп әріптесін сынаған болатын. Журналист Дәурен Сейітжан «Бізде ақсақалдар көп емес, саусақпен санарлықтай ғана. Осы ағаларымыз тату-тәтті болса, біздің де көңіліміз толып, тойып жүреді. Олардың ауыз бірлігі елдің де ынтымағына әсер етеді деп ойлаймын аға. Қазір Түркияға қоныс аударған Мұхтар Мағауинмен тонның ішкі бауындай қатты достаспасаңыз да, бір бірлеріңізге құрметпен қарасаңыздар деген бізде тілек бар…» деп сұрақ қойды.
Дулат Исабеков «Бәрі тату болса екен деп ойлаған дұрыс» деп жазушымен арадағы мәселені баяндады.
«Мұхтар екеуміздің бір бірімізге жазған хаттарымыздан хабарың бар шығар? Ал оның тірлігіне қарап, ішке тартып, бауырыңа қалай басасың? Өздерің білесіңдер, «Жұлдыз» журналын 19 жыл басқарып, «Мен» деген роман жазып, тек «Мен, мен» деп өзін мақтаған мақалаларды жариялаумен кетті. Мұхтар Әуезовке тисе алмады, «Әдебиетте Мұхтар Әуезовтен кейін менмін» деді. Семейде сөз сөйлеген кезде солай деді. Жазушының 10 жылдығын атап өтіп, бәріміз ресторанда асығыс самолетке отырайын деп жатырмыз. Уақыт аз. Шота Уәлиханов «Мен бір ауыз сөз айтайын» деп ортадағы микрафонға барып, «Әр бір 50 жылда Семей жері бір-бір Мұхтарды беріп тұрсын» деп тілек айтты. Мұхтар Мағауин атып тұрып, миркрофонға жүгіріп барды. «Жаңа Шота не деп отыр? Елу жыл несін күтесің? Тұрмын ғой мына мен» деді. Мықты жазушы осылай деп айта ала ма? Мұхтар Әуезовтың өзі олай айтпаушы еді. Қарапайымдылық деген жоқ.
Өзің сияқты журналист маған «Мұхтар Мағауин диссидент ретінде кетті ме?» деп сұрақ қойды. Мұхтар Мағауин диссидент ретінде кетті деп сендерге кім айтты? Ол Чехияда тұратын баласына кетті, одан әрі Америка асты. Ол ешқандай диссидент болған жоқ. Өзінің жағдайын жасады. Сонда жүріп «Дулат Исабековты тәубесіне келтіру» деген тақырыпта «Сен Оралханды ұмытқан екенсің. Баяғыда мемлекеттік сыйлықты алып бергенде Оралхан Рымғали Нұрғалиев екеумізді үгіттеп, саған дауыс беріп едік» деп хат жазды. Содан кейін жауап жазуыма тура келді. «Мұха баяғыда біздің ауылда Хатша кемпір деген болушы еді. Менің шешеме бір тостақ ұн беріп, соны өмір бойы «Баяғыда Күміскүл саған бір тостақ ұн бердім» айтып өтіп еді. Сен дауыс берген шығарсың, рахмет.
Мен тіпті мемлекеттік сыйлықсызда өмір сүре алатын адаммын. Оның үстіне менде комитетке мүше болдым. Талай құлап қалған адамдарды тұрғызып, сыйлық алып бердім. Мен оны ешкімге міндет қылған жоқпын. Өйткені комитет адамдарының міндеті не қарсы дауыс беру, не қолдау. Соны осы уақытқа дейін айта берудің қажеті не? Арамыздағы үлкен теке-тірес содан басталған болатын. Ал сен шетелде жүрсің. Не істеп жүрсің? Ағылшын тілді ортада жүрсің? Тым құрмаса өз шығармаларыңды насихаттау арқылы қазақ әдбиетін насихаттамайсың ба? Жатырсың, жым-жырт. Неге жатырсың? Лермонтовтың «Жалғыз жалау желбіреп, тұманды теңіз өрінде, жат жерде жүр не іздеп, несі бар туған жерінде» деген сөзін еске алып «Жат жерден не таптың?» дедім…
– «Шыңғыс хан» мен «Алтын орда» романын жазды…
– Жоқ, роман жаза берсін, мейлі. Мәселе онда емес. Сол романдарыңды ағылшын тіліне аударып, кітап қылып шығару арқылы қазақ әдебиетін насихаттамайсың ба? Әнуар Әлімжанов баяғыда Америкаға барып, екі ай бойы Әл-Фараби туралы лекция оқып келген. Өзіңді ғалыммын дейсің. Университет пен институтта біздің Қазақстан, жазушылар мен ғалымдар жайлы неге лекция оқымайсың? Бос жатырсың, неге жатырсың? Мені жұрттар көп қолдап кетті. Рас қой енді.
– Сізді де, ол кісінің де шығармаларын оқырман жақсы көреді, сүйіп оқиды. Араларыңыздағы қарым-қатынас сол оқырмандарыңыздың көңіліне қаяу салмай ма деген ой ғой. Бір жағынан оқырмандар ренжитінде сияқты…
– Так, осы білмедім… Ал екеуміз тату болдық, содан пайда түсе ме? Төрелігін айтатын ақсақал деген кім ол? Менің достарым Бексұлтан Нұржекеев, Төлен Әбдік, Қадырбек Сегізбаев дейтін ақсақалдар бар. Бір біріміздің шығармаларымызды оқып, бағалаймыз. Олардың азаматтық танытып, қоғам жайлы не айтып жүргенін білеміз. Ал Мұхаңа солай айтқаным рас. Тас-талқанын шығарып жауап берген едім. «Сен не істеп жүрсің? Бірде бір шығармаңды, не өзіңнің, не қазақтың шығармасын Америкада тұрып, ағылшын тілінде неге шығармайсың? Сол арқылы қазақ әдебиетін насихаттаған болар едің ғой. Өзің ғалыммын дейсің. Ғалым болатын болсаң Әл-Фараби, Дулати, Абай, Әуезов жайлы неге лекция оқымайсың? Сен ғалым емессің» дегенмін. Сені кітапханаға барып, кітап оқып отырғаныңды бір күн көрген жоқпын. Сен «заочныйсың». Сократ айтқандай «Плотон менің досым, бірақ шындық одан қымбат». Осыны кейде айтсаң «Біздің ақсақалдарымыз шекісіп жатыр» дейді. Ақсақалдың ақ-қарасын ажырата білу керек. Кім дұрысын, кім бұрысын айтып отыр. Менің өкпем оған дұрыс па, жоқ әлде жай буынсыз жерге пышақ салу ма? Әлде де сол пікірдемін мен. Ар жақта түк бітірмегеннен кейін Түркияға қайтып келіпті ғой. Сен бәрі бір Солженицын бола алмайсың. Солженицын алып машина саналатын СССР-ға жалғыз өзі қарсы шыққан болатын. Ал сен жай ғана демалуға бардың. Оны сен міндет қылма. Жарайды тағы жалғастырса айтатын сөзім бар және айтуға тиіспін. Кім қалай қарсы алады, оны білмедім. Бірақ өткен жолы хатыма халықтың 90 пайызы мені қолдап жазды.