Қазақ халқының рухани құндылығы Алаш идеясында жатыр – Әбдіжәлел Бәкір

Қазақ халқының рухани құндылықтары өте бай деп айтып жатамыз. Шын мәнінде Тәуелсіздік алған соңғы 33 жылда ұлттық құндылығымыз қаншалықты дами түсті?

Саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір қазақ халқының рухани құндылығының өзегі Алаш идеясында жатқанын айтады.

«Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы және Мұстафа Шоқайдың еңбектерінде тәуелсіз Қазақ елінің рухани құндылықтары жатыр. Өкінішке қарай қазір біз олардың еңбектерімен танысып, терең біліп жатқанымыз жоқ. Менің ойымша, біз Алаш идеясын бойымызға толық сіңірмей халықаралық жағдайда өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға жете алмаймыз. Егер біз шын мәнінде «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» құрғымыз келсе, рухани құндылықтарымызға немқұрайлы қарамауымыз керек.

Мысалы ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Біз өзіміздің мемлекет құру жолында батыстық жолды таңдаймыз. Бірақ біз батыстық жолды таңдағанда өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып қабылдаймыз» дейді. Сондай-ақ ол ислам дінін өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды ескере отырып қабылдағанымызды ескертеді. Әлихан Нұрмұхамедұлының айтқан бұл идеясында үлкен мән бар. Қандай қоғамдық құрылыс болмасын оның жақсы және жаман жағы болады. Оның жақсысы мен жаманын ажыратпай, қабылдай салсақ, онда ол ешуақытта пайда әкелмейді. Мысалы күні кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ елінің жарты байлығы 162 адамның қолында»  деп айтты. Бұл не деген сұмдық нәрсе?», – дейді ол.

Әбдіжәлел Бәкірдің айтуынша, Алаш арыстары Тәуелсіз мемлекет болуды ең бірінші мемлекеттік тілден бастаған.

«Себебі тілі тәуелді ел ешуақытта тәуелсіз мемлекет бола алмайды. Алаштың ең басты құндылығының бірі қазақ тілінің көсегесін көгертіп, оны кең көлемде қолдану болатын. Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп тектен тек айтқан жоқ. Сонымен қатар Мұстафа Шоқайдың еңбектерінде тәуелсіз мемлекеттің барлық компоненттері тұр. Партия, Үкімет, тәуелсіздік және зиялы қауым өкіледері туралы жеке-жеке жазып шыққан. Ал Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жұртының дамуы кейінге қалып кеткен халық екенін айтады. Нақтырақ айтсақ ол «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – дейді ол. Бұл түптеп келгенде тәуелсіз елдің әлеуметтік-саяси формуласы. Мемлекет құру үшін байлық та, бірлік те керек», – дейді ол.

Әбдіжәлел Бәкір қазақ халқының рухани байлығы өте жоғары екенін ескертті. Мысалы ол жастарымыздың үлкен кісі кетіп бара жатса, оның жолын кеспейтінін жоғары бағалайтынын айтты.