Орыс қызы Украин бірлестігінде неге жұмыс істегенін айтты

Қазақстан азаматтарының патриоттық сезімінің жоғары болуы мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне тікелей әсер етеді. Бірақ ешбір елде азаматтардың патриоттық сезімнің жоғары немесе төмен екенін анықтайтын құрал жоқ. Әйтсе де Қазақ елінде отаншыл болудың ең басты көрсеткіші мемлекеттік тілді біліп, оның құндылықтарына құрметпен қарау секілді.

Бұл тұрғыдан келгенде біз Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Лавровка ауылының тумасы Юлия Лагуткинаны отаншыл азамат деп айтуға болады. 25 жастағы азамат мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, қазақ халқының ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды екен.

«Тоғызыншы сыныпқа дейін ауылдағы орта мектепте оқыдым. 2015 жылы Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Н. Назарбаев атындағы зияткерлерік мектебіне білім алдым. Ал 2017 жылы мектепті алтын белгіге бітіріп, Астана қаласындағы Л. Гумилев Еуразия университетіне Халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түстім. Осы жылдан бастап, Қазақстан халық Ассамблеясының әртүрлі іс-шараларына ерікті болып қатыса бастадым. 2020 жылы Украин бірлестігінің жастар қанатының өкілі және бір жылдан кейін  Украин қоғамдық этно-мәдени бірлестігі жастар қанатының төрайымы болдым. 2022 жылдан бастап, бір жарым жылға жуық Қазақстан халық қызметін атқардым. Жуырда жастар қанатының мүшелігінен шығып  ҚХА мүшесі ретінде жұмыс істеп жатырмын», – дейді ол.

«Біздің мақсатымыз бірлік пен ынтамақтастықты насихаттау»

Юлия Лагуткинаның айтуынша, Қазақстанның әр бір отаншыл азаматы ең біріншіден мемлекеттік тілді білу керек. Сондай-ақ ол Қазақстанда тұратын ұлт пен ұлыс өкілдеріне құрметпен қарап, сыйластықты сақтау қажет екенін ескертті.

«Менің ойымша, шетелге қыдырып барғанда Қазақстан туралы тек жақсы нәрселерді айтып, еліміздің имиджін әлемдік аренада жоғары ұстауымыз керек. Бұл ретпен келгенде азаматтардың арнайы ұстанымы болу керек. Елді сүю, құрмет көрсету, кез-келген қоғамдық орындарда жүргенде қоқыс тастамай, бейәдеп сөздерді айтпау қажет. Бір сөзбен айтқанда бір-бірімізді құрметтеп, еліміз үшін жұмыс істеп, пайдамызды тигізу маңызды деп білемін», – дейді ол.

Юлия Лагуткинаның нәсілі орыс болса да, Украин қоғамдық этно-мәдени бірлестігі жастар қанатының неге төрайымы болды?

«Менің ұлтым – орыс, бірақ украин туыстарым бар.  Ресей мен Украина арасында қандай жағдай болмасын, біз Қазақстанның азаматымыз. Мен Қазақстанда туып өстім. Ұлтым орыс болса да, қазақша білемін, тіпті украин тілін де үйреніп жүрмін. Мен үшін ең басты дүние еліміздегі тыныштықтың болуы. Қазақстанда алауыздыққа жол берілмей, ауыз бірлікті сақтауымыз керек. Мысалы Ассамблеяда біз түрлі ұлт өкілі болсақ та, бірақ біздің мақсатымыз бірлік пен ынтамақтастықты насихаттау. Менің ұлтым орыс болса да, украин бірлестігіне қабылдады. Украиндермен жылы қарым-қатынастамыз. Біздің ұйымымызда әрқашан әртүрлі іс-шаралар өткізіледі. Соған белсенді қатысамын», – дейді ол.

«Өзге ұлт өкілінің қазақ тілін білуі қалыпты болуы қажет»

Юлия Лагуткина өзге ұлт өкілінің қазақ тілінде сөйлеуі қалыпты саналуы керек екенін айтады.

«Егер барлығымыз қазақша сөйлесек, еліміздің статусы жоғары болады. Сол себепті мемлекеттік тілді бір-бірімізді үйретуіміз керек. Қазақ тілін білетін адамдарға ерекше адам ретінде қарамауымыз керек. Өзге ұлт өкілінің қазақ тілінде сөйлеуіне қалыпты қарауымыз қажет. Керісінше, қолдау көрсету, басқа ұлт өкілі қатемен сөйлесе, оларды түзету маңызды дер едім. Өзім таксимен жүрген немесе дүкенге барған кезде қазақша сөйлесуге тырысамын. Егер, мен қазақша сөйлеп бастасам, олар маған қазақша жауап береді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі ғой. Тіліміздің абыройын көтеруіміз қажет. Бүгінгі таңда, көптеген қазақ тіліндегі фильм, мультфильмдер шығып жатыр. Қазақша әндер трендке айналды. Біз ұлттық құндылықтарымызды, тілімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді ұрпақтан-ұрпаққа насихаттауымыз керек. Біз ұлтаралық бөлінбеуіміз керек.  Мен орыс халқының мәдениетімен қоса, қазақтың да салт-дәстүрлерін жақсы білемін. Себебі, менің туған жерім – Қазақстан.

Қазақстан азаматтары қазақша сөйлесе, барлығымыздың жүрегімізде патриотизм, Отанды сүю деген сезім қалыптасады. Отанды сүю – тілімізді сүюден басталады. Тілден айырылған халық, Отанынан айырылған халықпен тең. Сондықтын, мемлекеттік тілімізде сөйлеуіміз қажет. Үйретуіміз керек.  Мен 7 жыл бойы репетиторлықпен айналысып жүрмін. Менің шәкірттерім, Корея, Украинада жүрсе де, қазақ тілінде сөйлесіп, видеороликтер түсіріп, мені белгілеп бөліседі. Мен сол кезде мақтанамын. Біздің отандастарымыз шетелде жүрсе де, қазақша сөйлейді және шетелдіктерді үйретеді. Сондықтан да мемлекеттік тілді білуіміз керек. Ол әр бір азаматтың міндетті болу керек», – дейді ол.