Медиаторлық сот мәселені дау-дамайсыз шешуге шақырады – Адвокат
Елде әділдік пен ынтымақ болуы үшін сот жүйесіне деген халықтың сенімі жоғары болуы керек. Ал сот жүйесіндегі әділдік елдің ынтымағын арттырып, «Әділетті Қазақстан» құруға мүмкіндік береді.
«Сот ерлі-зайыптыларды татуластыруға тырысады»
Адвокат Әлімжан Жұбатханов елде әділдік болуын соттардың жұмысына байланысты екенін айтады. Егер сот өзінің жауапкершілігін сезінсе, халықтың ынтымақ, бірлігін артатынын ескертті.
«Сот – әділдіктің айнасы болуы тиіс. Адамдар сотқа шағымданған кезде әділдік іздеп, амалының жоқтығынан барады. Ал сот жанжалды өзара келісіп шешуге тырысады. Мысалы, қазіргі таңда жастар арасындағы ажырасу белең алды. Енді үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ерлі-зайыптылар ұрыс-керісті өзара шеше алмағаннан соң сотқа жүгінеді. Біреуі ажырасамын десе, енді бірі мал-мүлкімді әділ бөліп бер дейді. Осындай кезде медиаторлық соттар болады. Олардың басты мақсаты – екі жасты барынша татуластыру. Біріншіден, олар «Сіздерге уақыт берейік, татуластырайық, әлі үй болып кетесіңдер, балалардың болашағын ойлаңдар, қазір ажырассаңдар кейін салдары қиын болады» деп сотта барынша татуластыруға тырысады. Кейбіреулері «Қайтадан қосыламыз» деп шешім қабылдаса, енді бірі «Қосылмаймыз» деп ат құйрығын кесіседі. Ұзын сөздің қысқасы, қазіргі таңда сот ерлі-зайыптыларды татуластыруға тырысады
Жалпы, қоғамды барынша бірлікке шақыру сот тарапынан атқарылатын жұмыс. Енді кейбіреулер қарыз алып, ақшасын қайтармай жүргендер де бар. Адамгершілікке салып қайтаратындар да бар, кейбіреулері айлап-жылдап қайтармайды. Қарыз беруші сол кезде амалсыз оны сотқа береді. Осындай жағдайда да сот дәлелдерге сүйеніп, әділ шешім шығарады. Себебі, әр адам жасаған нәрсесін мойнымен көтеру керек», – дейді ол.
«Медиаторлық соттың пайдасы зор»
Адвокат өзінің тәжірибемде ынтымаққа келген адамдар болғанын айтады. сондықтан да ол медиаторлық соттың пайдасы зор екенін ескертті.
«Адамның ар-ұяты болса, кішіпейілділікке салып өзара татуласып жатқан жағдайлар кездеседі. Қарыз алса, медиатр түсіндірген кезде төлеп беремін десе, медиатрлық келісімшарт жасап, уақыт береміз. Қарыз алған кісі бірден 1,5 миллион теңгені төлеп бере алмаса, келісімшарт жасалады. Сол секілді ажырасуға оқталған жастардың қосылғандары да болды. Сот «6 ай уақыт берейін, асығыс шешім қабылдамаңыздар, келісесіздер ме?» дейді. Осы уақыт аралығында татуласып, үй болып кеткендер бар. Бұл тек соттың ғана міндеті емес. Жалпы жас-жұбайлар өздерінің қателіктерін түсінсе, кешіре білсе, барлығы ұмытылып үй болып кетеді. Ал, енді баяғы жараны қазбалай берсе, еш уақытта жараспайды. Сондықтан, әрдайым татулық, бірлік, ынтымақ керек. «Бақыт, қайда барасың? Ынтымағы жарасқан елге барамын», демекші, ең алдымен ынтымақ керек. Ынтымақ дегеннің өзі бірлік қой», – дейді ол.
Араздасқан ағайынды қалай татуластыруға болады?
Әлімжан Жұбатханов кейбір ағайынды азаматтар мүлікке таласып, соттасып жататынын айтады. Адвокат мұндай даулар соңғы кезде көбейіп кеткенін ескертті.
«Қазақ атамыз «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» дейді. Кейде ағайындар арасында алауыздық болып, соттасып жатады. Ата-анасының көзі кетсе, дүниеге таласады. Қарап отырсақ бұрын ондай болмаған. Қазіргі уақытта осындай мәселелер көбейіп кетті. Осындай кезде ынтымақ, бірлік керек. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Бұрын бабаларымыз бірлікке шақырып, өздері би, сот болған. Аналарымыз келінді тәрбиеге шақырып, бір-бірін жарастырған.
Кез-келген істі сотқа берген кезде бірден қарамас бұрын медиатрлар болады. Олар татулыққа шақырып, сотсыз шешуге болатынын түсіндіреді. Медиатрлық келісім жасауға, шығындарын төлеп мәселені шешуге болатынын айтады. Егер сот істі қарайтын болса, онда ол дауға ұласып, уақыт пен шығын шығады. Тараптарды тағайындап, куәлерді шақыру керек. Соттың да, араздасушылардың да уақыты кетеді. Осындай жағдайда медиатрлық сот жарастыру үшін құрылады. Олардың мақсаты – ынтымаққа шақырып, мәселені әділ қарау», – дейді ол.
«Халықтың мәмілеге келгені жақсы»
Адвокаттың айтуынша, халық сотқа «Келтірілген шығындарды өтеп бер» деп, жиі арыз-шағым жазатын көрінеді. Алайда ол олардың ішінде «Көршім екенсің, мәселені соттаспай-ақ шешейік» дейтін азаматтар бар екенін ескертті.
«Әрине халық осылай мәмілеге келсе бізге жақсы болады. Кінәсін түсініп, келтірілген шығынды жауып беретіндер бар. Ал, қатесін түсінбей сотқа шешім шығарып берсе оның шығыны, сараптамасы, адвокаттың шығыны бар. Екі ортада соттасып жүргенде одан да көп қаражат жұмсайды.
Кезінде Президентіміздің медиация туралы заңға қол қойып, қабылданды. Сотқа арыз-шағым түскенде істі бірден сот медиатры қарайды. Оның мақсаты – екі жақты татуластыру. Яғни, соттың жұмысын ауырлатпай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, екі тарапты татуластырып, шығын болса, арнайы келісімшарт жасап өтетеді. Ол заңды болып саналады және оны ары қарай орындау керек болады», – дейді адвокат.