Жауапкершілігі жоғары адам жұмыссыз қалмайды – Мейрамгүл Имашева
Азаматтардың сенім мен жауапкершілік құндылықтарын сезінуі өмірде өз жолын табуға әсер етеді. Бұл Астана қаласы “Еңбек мобильдігі орталығы” ММ бөлім басшысы Мейрамгүл Имашеваның пікірі. Декреттік демалыстағы Мейрамгүл Сансызбайқызы жауапкершілігі жоғары азамат жерде қалмайтынын айтады.
«Жолдама арқылы басшы болған азаматтар бар»
Жұмыссыз азаматтармен жұмыс істеген кезде сенім мен жауапкершілік маңызы өте зор. Жұмыспен қамту орталығы арқылы қызметке тұрамын деп келген әрбір жұмыссыз азаматтар жұмыс тауып, өз мамандығы бойынша қызметке тұратынына үлкен сеніммен келуі керек. Бірақ, көбінде жұмыссыз азаматтар өзінің мүмкіндігінен тыс жұмыс сұрайды. Жалақысының жоғары болуын талап етеді. Бірақ, жалақысы жоғары жұмыстар үлкен жауапкершілікті қажет етеді мемес пе? Осындай талаппен келген азаматтардың жұмыспен қамту орталығына деген теріс ойлары пайда болады.
Негізі жұмыспен қамту орталықтары дұрыс бағытта жұмыс істейтін мекемелердің бірі деп айта аламын. Кей жағдайларда өзінің жұмысын таба алмайтын азаматтар бар. Дегенмен де жұмыспен қамту орталығы арқылы бұрынғы мамандығын ауыстырып, басқа курста оқып мамандық ауыстырған адамдар да бар. Демек, олар үлкен сеніммен келіп тұр ғой. Сенімдері ақталып тұр. Олардың өздерінің өміріне деген жауапкершілігі бар. Кім адамның алдына тамағын, киімін тосып береді? Ол үшін әр адамда өзінің өміріне деген жауапкершілігі болуы шарт. Өзінің қатарына сәтті қосылып немесе өз мамандығы бойынша жұмыс тауып, тіпті мемлекеттік қызметке кіріп кеткендер де бар. Қазір олар жақсы лауазымда жұмыстарын атқарып жүр. Бізде осыған ұқсас жайттар өте көп. Тіпті, аймақтарға бірінші басшылықтың лауазымына тағайындалған азаматтар да бар. Мұның барлығы ең бірінші сенімнің арқасында деп ойлаймын», – дейді ол.
«Кейбір азаматтардың жауапкершілігі төмен болады»
Мейрамгүл Сансызбайқызы кезінде жұмыспен қамту орталығына үлкен сеніммен барып, жұмысқа орналасқанын айтады.
«Бір кездері жұмыс өтілім үзіліп қалған. Қайта жұмыспен қамту орталықта қызмет еткеннен кейін қалауымдағы мамандық бойынша жұмысымды таптым. Содан кейін, жұмысыма жауапкершілікпен қарағаннан кейін, аудандық бөлімнің басшысына дейін көтерілдім. Негізі қандай нәрсе болмасын ең алдымен, сенімділік қажет. Қандай да бір істі алғаннан кейін, оны абыроймен үлкен жауапкершілікпен атқарған дұрыс.
Өкінішке қарай кейбір азаматтарды белгілі бір мекемеге келісімшарт арқылы жолдасақ жауапкершілігі аздау болғаннан кейін болар, аталған мекемеге бармай қалады. Бұл жауапкершіліктің жоқтығынан деп санаймын. Біз өз тарапымыздан жұмыс іздеушіге жолдамамызды береміз және жұмыс берушіге хабарласамыз. Бірақ, жұмыс іздеушілер жұмыс орнына бармай жатады. Өкінішке қарай, осындай да жағдайлар кездесіп қалады. Бірақ олар жұмыспен қамту орталығына өздерінің наразылықтарын айтып жатады. Бұл жерде азаматтардың жауапкершіліктерінің жоқтығының көрсеткіші», – дейді ол.
«Жастар бизнес идеяларымен келіп, мемлекеттен грант алады»
Мейрамгүл Имашева орталықтың қызметі жұмыссыз азаматтарды жұмысқа тұрғызу немесе оларды қайта даярлау курстарына жолдау екенін айтады.
«Бұл өте жақсы мүмкіндік. Мұнда ең бастысы жауапкершілік пен сенім керек. Себебі, үкімет тарапынан жұмыссыз азаматтарды курстан өткізу, тамағы, жолақысы үшін ақша бөлініп, шәкіртақы төленеді. Ол шәкіртақыны алғаннан кейін оны қайтару керек қой. Қайтару дегеніміз – курсты аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасу немесе өзінің кәсібін ашу. Кәсіп ашу үшін де мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар бөліп жатыр. Сол грантты оңды пайдаланып, ісін ашып ары қарай оны дөңгелетсе бүкіл сенім ақталады. Бұл жерде табандылық пен жауапкершілік керек. Ең бірінші әр адамның өз өміріне деген жауапкершілігі болу керек. Біз тек жұмыс тауып, кәсіп ашуына жай ғана дәнекерміз. Бірақ, әр нәрсе адамның өзіне байланысты. Негізі мемлекет тарапынан барынша көмек беріліп жатыр. Халыққа арналған өте көп бағдарламалар қарастырылған. Тек қана ол істерге азаматтар жауапкершілікпен қараса, жетістікке жетіп, тұрмыстық жағдайларын жақсартса болады. Болашақта өзі секілді жұмыссыз азаматтарға жұмыс беріп жәрдемдесуіне де болады. Ондай мысалдар өте көп. Бізден жыл сайын кәсіпкерлер кәсіптерін ашып, басқа азаматтарды жұмыспен қамтып отыр.
Менің практикамда мамандығын жаңартып немесе өзгертіп алуға орта жастағы азаматтар келіп жатады. Жастар көбінде өздерінің бизнес идеяларымен келіп, мемлекеттен грант алады. Олар бірден жеке кәсіпкер болып жатыр. Қайтарымсыз гранттың жалпы құны 1 миллионнан 5 миллионға дейін бөлінеді. Ол грантты алу үшін жұмыспен қамту мекемелеріне барып тіркелу керек. Одан кейін, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы курс оқып, онда бизнес-жоспар құруды, жалпы бизнестің қыр-сырын үйренеді. Ол 1 айдан 3 айға дейін созылады. Содан кейін, азаматтар өздерінің бизнес-жоспарларын қорғап, комиссия оларды таңдап, грант тағайындайды», – дейді ол.