Экс-президент елді топан су басқанда неге үндемеді?
Еліміздің бірнеше аймағындағы топан суға байланысты қарапайым халықтан бастап, шоу бизнес өкілдеріне дейін қаржы жинап, өз алаңдаушылығын білдіріп жатыр. Бір қызығы елді 30 жыл басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев халықты қиын жағдайға қалдырған топан суға келгенде тосылып қалды. Бірінші президент дүйім жұртты алаңдатқан су тасқынына байланысты неге пікір білдірмеді?
«Оған ренжудің ешқандай қажеті жоқ»
Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, экс-президенттің топан суға байланысты пікір білдірмеуі қалыпты жағдай.
«Менің ойымша, жасы 80-нен асқан адамның әрекеті ештеңені білдірмейді. Мен оны 2019 жылдан бастап қоғамдық өмірде жоқ деп есептеймін. Иә, оның қылмыстары мен кемшіліктері болса, комиссия құрып тексеру керек. Ал ол қоғамдық, саяси өмірде көрінбесе оған ренжудің, алаңдаудың ешқандай қажеті жоқ. Барлық елде Президент биліктен кетеді де, бір-екі жылдан кейін ол ұмытылады. Бір қызығы біз әлі күнге дейін экс-президент туралы айтамыз. Негізі билік «Назарбаев әлі де болса билікке араласып отыр. Сондықтан Тоқаев өзінің жасағысы келгенін жасай алмай отыр» деген пікірді жиі айтады. Менің ойымша, бұл Тоқаевты ақтап алу үшін жасалып жатқан дүние секілді.
Екіншіден, авторитарлы жүйе болғаннан кейін ол кісінің аты біразға дейін сақталады. Өйткені, ол кісі болмаса өмір болмайтын тіпті, ештеңе өзгермейтін сияқты болды. Осылай қоғамның ойы қалыптасты. Сондықтан қоғам әрдайым оның фамилиясын іздейтін болды. Қоғам осындай ауруға ұшырады. Ал, өркениетті елдерде ондай болмайды. Оларда президенттер 4-5 жыл, ары кетсе 3 жыл сайын, ал Үкімет жыл сайын ауысып отырады. Ішкі саясатқа саясаткерлер араласады. Ал қарапайым адамдар өздерінің өмір тіршілігін бағаның қымбаттауы, қымбаттамауына байланысты баға береді. Біздің халыққа авторитарлық жүйенің негізінде Назарбаевтың атын барлық жерге тықпалау қалды. Не жақсы атты, не жаман атты тықпалау бұл қоғамның ауруы, біз осыдан арылуымыз қажет», – деді ол.
«Экс-президентке елді топан су баса ма, баспай ма, бәрібір»
Дос Көшімнің пікірімен дипломат Қазыбек Бейсебаев келіспейді. Сарапшы халықаралық жағдайда экс-президенттер елдегі күрделі жағдайға өзінің пікірін білдіріп отыратынын ескертті.
«Экс-президенттің пікір білдірмегенінің себебі – ол кісіге елді топан су баса ма, баспай ма, бәрібір деген сөз. Отыз жыл елді басқарған адамның халық зардап шегіп жатқанда үндемей қалуы ұят тірлік. Ол біздің кеше ғана Елбасымыз, ағамыз, көкеміз болды. Назарбаевтанудан бастап астанамызға дейін Нұрсұлтанның атымен аталды. Барлық жерде Назарбаев, барлық жерде «Нұр, нұр» болып кетті. Ал, қазір ол халықтың басына күн туғанда үндемей отыр. Ол кісі өзі бастамашы болып халыққа қаржылай көмектессе, көп жәрдемі тиер еді. Бірақ, ешқандай халық алдына шығып, көңіл білдірмеді.
Қайталап айтамын, Нұрсұлтан Назарбаев біздің экс-президент емес, Елбасы. Өзін-өзі Елбасы деп атаған адам қазір неге үндемей отыр? Демек, оған халықтың қиналып жатқаны ештеңе емес. Біздің тарихта Америка секілді 30-40 шақты Президент ауысып па еді?!», – дейді ол.
«Назарбаевтың халыққа өкпелейтін ешқандай қақысы жоқ»
Былтыр желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге сапарлап, Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтамады. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Амангелді Шабдарбаев экс-президенттің елге өкпелеп жатқанын айтқан еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа өкпелеуге қақысы бар ма?
«Оның өкпе-реніші бар ма, жоқ па оның ешқандай қоғамға қатысы жоқ. Ол жеке адамның өмірі, жеке көзқарасы. Ол жуырда кітап жазып шықты. Құдайға шүкір, ол өзінің кітабында бізге бір нәрсені ашып айтып берді. Бұл ақпаратты біз білгенмен халық білмейтін. Аталған кітапта ол Тәуелсіздік үшін емес, Совет үкіметін сақтап қалу үшін барын салғанын мойындады. Шындықты мойындағанына да рақмет. Сондықтан, оның қандай деңгейде, қандай көзқараста болуы, болмауы, үн қосуы, қоспауы қоғамды алаңдатпауы керек деп ойлаймын. Өйткені дәл қазіргі уақыттағы қар көшкіні, сел болып жатқанына жауап беретін билік бар. Сондықтан, жұрттың көңілін Назарбаевқа аударудың қажеті жоқ», – деді Дос Көшім.
Ал Қазыбек Бейсебаев Нұрсұлтан Назарбаевтың елге өкпелеуге ешқандай қақысы жоқ екенін айтады.
«Назарбаевтың халыққа өкпелейтін ешқандай қақысы жоқ, керісінше халық оған өкпелі. Біз бұрынғыдай оны көкке көтереміз бе? Отыз жыл елді басқарғанда су қоймаларын салуы керек еді. Назарбаев 1984 жылдан бастап Қазақ Совет Республикасын басқарған. Осы жылдары су қоймалар мен каналдарды салуға неге тапсырма бермеді? Ол барлығын жақсы білетін, тәжірибелі адам. Қазір су қоймалары талапқа сай болмай жатыр. Себебі қаншама нәрсе шіріген, тозған. Осыған дейін ештеңе істемей, қазір үнсіз отыр. Су тасқынына оның да кінәсі бар. Өйткені, бізді отыз жыл басқарған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ал, қазір «Су қоймасы мен дамбы неге жасамадыңдар?» деп кімнен есебін сұраймыз. Сондықтан, Назарбаев халықтың алдына шығып пікір білдіруі тиіс еді», – деді ол.