«Ханбалықты өсіру қарқын алып келеді»

Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің ішіндегі ең маңызды сала балық шаруашылығын дамытуға көңіл бөліп отыр. Осыған байланысты қазіргі таңда қолдан балық өсіру кәсібіне ден қойған азаматтар баршылық. Мәселен Шыңғыс Мақсұтбекұлы Алматы облысына қарасты Кеген ауданында балық өсіруді қолға алды.
«120 мың балықты 3 сағаттың ішінде есептеп береді»
Шыңғыс Мақсұтбекұлы балық шаруашылығымен 2023 жылдың қаңтар айынан бері айналыса бастағанын айтады. Әйтпесе ол бұған дейін балық шаруашылығына мүлде қатысы болмағанын ескертті.
«Бұған дейін ауыл шаруашылығының бау-бақша, жүзім, көкөніс, түрлерін өсірумен айналысқанмын. Негізі менің алғашқы жоғары білімім инженер, соны бітіріп келгеннен кейін экономика, менеджмент саласында да оқығанмын. Бәлкім атадан мұра болып қалған шығар, кезінде атам алғашқы аудиторлардың бірі болған. Әкем энергетик болып әлі күнге дейін жұмыс істейді. Сол қасиеттер берілген болар оқу бітіргеннен кейін ауқымды жобалармен айналысып, әр түрлі компанияларда басшылық еттім.
Бірнеше жыл бұрын Алматы облысы, Кеген ауданының су қоймасында балық шаруашылығын бастайық деген ұсыныс түсті. Инвесторлар біздің Қазақстанның жігіттері, басқа да салада кәсіппен айналысады. Осы салаға ат салысып, ақша құйып экономикамызға қуатты көмек болсын деп бастадық. Сол уақытта олар маған хабарласып, идеясын айтты. «Осының барлығын құрастырып, есеп-қисабын түгел жасап беретін маман керек» деді. Солай кездесіп, ақылдасып, кішігірім холдинг жасадық. Ол холдингтің ішіне балықпен айналысатын бірнеше фирма кіреді. Оның ең үлкені фарель балығын өндіретін фирма.
Өзім шетелде оқығаннан кейін Еуропалық технологиямен жабдықталды. Мен оның алдында басқа да өндіріспен айналысқандықтан таныстарымның көмегімен тез арада сапалы Еуропалық құрылғылармен жабдықтадық. Мәселен жемді қолмен шашып тұрмай 750 киллограмдық азықты құрылғыға жүктейміз. Аталған құрылғы жемді әп-сәтте автоматты түрде шашып тастайды. Адам күшін мүлде талап етпейді, негізі адам қолмен емес, баспен жұмыс істеу керек. Бүгін іріктеу (сортировка) жасадық. Америкадан үлкен насос алдырғанбыз. Бір сабокта 50 грамдық шабақтан 100 грамдық балыққа дейін болады. Оны әр сабокқа бөлек орналастыру керек болады. Ал Ресейден келген балықшылар көзбен есептеп қолмен сабоктарға лақтырады. Ол адамның уақытып көп алады. Біз балықты грамына қарай оңай құрылғымен бөле аламыз. 120 мың балықты 3 сағаттың ішінде есептеп береді. Бұл автоматтандырудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді», – дейді ол.
«Еуропалық әріптестерімідің ақыл-кеңесіне жүгіндік»
Шыңғыс Мақсұтбекұлы балық өсіруде Дания және Канада елінің бағдарламасын пайдаланғанын айтады.
«Мысалы «Сағат кешкі 17:00-де осы жемді бағдарламамен беріңдер» дейді. Олар бұл бағдарламаны бірден алып келген жоқ. 2023 жылдан бастап 1 жыл бойы тексерістен өткіздік. Әу баста су қоймасы туралы түк ақпарат болған жоқ. Судың сапасы, температурасы, тереңдігі, оттегі мөлшері туралы ақпарат болмады. Тек жалпылама біледі. Бірақ нақты инфографика жоқ. Жігіттермен датчикті қойып, таңертең, түсте, кешке судың температурасы мен тереңдігін есептеп Excel-ге салып біржылдық ақпаратты жинадық. Сол ақпаратты даниялық, канадалық мамандарға жібердім. Мен уылдырықты қай жерден алатынымды және қандай балық түрлерін өсіретінімді айттым. Олар қанша уақытта балықтың етінің майлы әрі сапалы болатынын есептеп берді. Мысалы олар маған қай сәтте жем беретінімді және судың температурасын есептеп берді.
Жалпы айтқанда Еуропаның білікті өндірістерінде жасалып жатқан бағдарламалар арқылы әрекет еттік. Енді жігітер ойланбай, коэфицентпен есептейді де, жемін салады. Біз балықтың қай айда қанша грамм екенін болжаймыз. Еуропалық әріптестеріміздің айтқаны бойынша 95 пайызға бірдей келе жатырмыз. Мен балық шаруашылығымен айналыспағанмын, тіпті менде аквариумда болмаған. Бірақ Еуропадағы мамандармен жұмыс істеудің арқасында аз ған уақыт ішінде кішігірім фирманы құрастырдық. Біз үшін ол үлкен жетістік» – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, су қоймасына табиғи құбылыстар да әсер етеді. Яғни, қар мен жаңбыр жауып, судың лайланған уақытында балыққа қандай бап керек?
«Ағаштың жапырақтары көбейген кезде балықтар торға кіріп кетеді. Ал сол майда балықтар ағаштың жапырақтарын жұтып қойып, тамақ жемей қояды. Тамақ жемегеннен кейін балықтың өлгендерін тіркедік. Енді табиғи апаттың алдын алу мүмкін емес. Бірақ біздің жігіттер қол қусырып отырған жоқ. Судың күйін тексеріп, қайсы қоқысты ұстай алады, қайсы ұстай алмайды деп тексеріп, үш күн ішінде мәселенің шешімін тауып, сабоктарды сақтайтын қолдан құрылғы жасадық. Бұл жігіттердің команда болып дұрыс ойланып, туындаған мәселені шешуге деген ниеттерінен жасалды. Жәй ғана балыққа жем шашу емес. Біздің жігіттер «Мынандай мәселеде былай жасап көрсек» деп ұсынады. Біз балықтан бөлек біліктілікті арттыру жағынан да жұмыс істеп жатырмыз. Соның арқасында басқа да балықшылар өзіне керегін алып, сұрақтарын қояды. Біз ашық фирма болғандықтан білгенімізбен бөлісіп, ақыл-кеңестерімізді айтып тұрамыз» – дейді ол.
«Үкіметтің субсидиясына тапсырыс бердік»
Кәсіпкер фирма 2 жылда 600 тонна балық шығаруды жоспарлап отырғанын айтады. Сондай-ақ жобаны инвестор арқылы іске асырып жатқанын ескертті.
«Былтыр жазда 230 мың шабақтарды кіргіздік. Бұл шабақтарды кіргізу себебіміз екі есе көп балықтарды өсіру. Біз ханбалықты 100-300 грамдық емес, 2-3 килограмдық етіп өсіргіміз келеді. Өйткені біз құрған технология соған бейімделген. Басқа фирмалар сияқты 300 грамдық немесе 1 килограмдық балықтар өсірмейміз. Қазіргі таңда әр балыққа өз салмағы бойынша интенсивті жем беріледі.
Жобаның қаржыландыруына келсек, біз ешқандай банктан, мемлекеттен ақша алмадық. Түгелімен инвестор арқылы қаржыландырылды. Жобаға жалпы құны 1 миллион доллардан астам қаржы кетті. Бүкіл инфраструктурасын, тоқ жүргізу, жұмысшыларға арнай орын, видеобақылау, интернет, туалет, ванна жүргізіп жағдай жасадық. Үкіметтің «Инвест-субсидия» деген бағдарламасы бар. Аталған бағдарлама бойынша шығарған қаржымыздың 25 пайызын қайтарып береді. Осыған тапсырыс жасап жатырмыз.
Біз Даниядан уылдырық алып, одан шабақ шығаруымыз керек. Мысалы ол шабақ 10 грамдық болғанда су қоймасындағы садокқа саламыз. Сол жерден интенсивті жемдендіру басталады. Мен айтып жатқан 2-3 киллограмдық балықтарды өсіруге кемінде 2 жыл кетеді. Көлсай туристік жер болған соң бізден 200-300 грамдық балықтарды сатып алып кетеді», – дейді ол.
«Фарельді тойда жейтін балық деп санайды»
Кәсіпкер ханбалықтың басты ерекшелігін біздің өңірде өсе алатынымен бағалайды. Сондай-ақ ол аталған балық түрі нарықта қаншалықты сұранысқа ие деген сұраққа жауап берді.
«Егер фарельді дұрыс жемдендіретін болса, оның еті семга деген балық етіне сәйкес келеді. Заңды түрде фарель мен семга бір балық болып есептеледі. Екеуі де қызыл балыққа жатады. Бізге семга өсіруге әлі ерте. Біздің фирмадағы су жазғы уақытта 18-19 градус болады. Ал қыстың кезінде фарель балығы -1 градусқа бейімделеді.
Біз су қоймасын ашатын кезде, мемлекеттің статистикасына емес, өзіміздің аналитикамызды жасадық. Аналитиканы балық сататын жерлерді аралап, балықты адамдар қаншалықты сұрап жатыр, фарель балығын кім біледі, кім алады, қаншалықты алады деп анализ жасадық. Негізі фарель балығын Алматылықтардың 20-30 пайызы біледі, қалғандары қымбат деп, тойда жейтін балық деп санайды. Адамдар балықты танымайды. Мысалы фарель балығының өзінің құндылығы, дәмі бар. Егер дұрыс сату жобасын халыққа ұсынсақ, халық оны алуға дайын. Өйткені, біздің шаруаның мақсаты сапалы өнім өндіруден бөлек, оның бағасын тұрақтандыру. Өнімін қымбат сатуды барлық кәсіпкер қалайды. Ал біз еуропалық технологиялардың көмегімен өнімнің құнын түсіруді мақсат етіп отырмыз. Мысалы Еуропа, Түркия сияқты елдерде фарель балық әр кафеде сатылады. Ал бізде ол қымбат, тойда ғана жейтін балық саналады», – дейді ол.
«Фарель балығы салқын суды жақсы көреді»
Ихтиолог Мейрамбек Пазылбековке фарель балығы соңғы 2-3 жылда өте қарқынды дамып келе жатқанын айтады.
«Ханбалықты табиғатта Көлсайда ғана кездестіреміз. Басқа су айдындарында ресми түрде жоқ. Фарель балығының басқа балықтардан ерекшелігі өте жылдам өседі. Егер сіз 5-10 граммдық шабақ алып, өзіңіздің бассейніңізге салатын болсаңыз және интенсивті қолдан азығын берсеңіз тауарлы балыққа айналады. Тауарлы балық дегеніміз 220-300 грамм арасындағы балық деген сөз. Сазан балығының шабағы 6 айда 20-25 граммға, ал үлкені 50 граммға дейін өседі. Одан артық өспейді. Ал фарель балығы 300 граммға дейін өседі. Тағамдық жағынан дәмі тәтті, ұсақ сүйектері жоқ, еті өте жұмсақ, нәзік, қабыршағы өте нәзік, жұмсақ, тазалауға өте ыңғайлы және еті мол және тез піседі.
Бұл балықтың басқа балықтардан ерекшелігі бұл салқын суды жақсы көреді, яғни таудың, бұлақтың суына өседі. Температурасы 18 градусқа дейінгі суда өседі, +18 градустан жоғары суда өліп қалады. Ал сазан, бекіре деген балықтар 18 градустан жоғары температурда өседі. Фарельді кез-келген жерде өсіре алмайды. Көбінде таулы аймақтарда, жер астындағы артизян суларында өсіреді», – дейді сарапшы.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ