«Ақтоғай орманын отаудан сақтап қалдық»

Еліміздің тұмса табиғатын қорғау әр бір адамның азаматтық борышы болуы керек. Әйтсе де қоршаған ортаны қорғауға келгенде кейде «Әттеген-ай» дейтін жағдайлар кездесіп қалады. Бірақ «Телегей» қоғамдық бірлестігі төрағасы Дәуренбек Сақым секілді экологиялық белсенділердің арқасында мұндай кемшіліктер табанды күрестен кейін ретке келді.

«Ақтоғай орманын облыстың қарамағына қайтарып алдық»

Дәуренбек Қалапбергенұлы Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданына қарасты Ақсуат ауылындағы дау 2020 жылы басталғанын айтады. Аталған ауылдың іргесіндегі жерді «Авуар company» ЖШС жалға алып, қиыршық құм шығаруды қолға алған.

«Ақсуат ауылының маңында Ақтоғай деген ну орманды тоғай бар. Сол тоғайдың жерінде асфальттың астына төсейтін қиыршық құм шығады. Біздің айлакерлер Орал мен Орынбор арасына тасжол салады дегенді естігенде карерлердің барлығын өздеріне сатып алған екен. Яғни, біздің лесхоз Ақтоғай орманының астындағы құмды бір емес, төрт компанияға сатып жіберген. Жергілікті халық «Мың жылдық орманнан айырылып қалайын деп тұрмыз» деп бізге шықты.  Біз бұл іске 2022 жылдың маусым айында кірісіп, 2024 жылдың қаңтар айында аппеляциялық сотпен жеңіп шықтық.

Шыны керек, жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жердің заңсыз берілгенін дәлелдеу үшін Ақсуат және басқа да ауылдардың 400-дей халқының қолын жинап, іске кірістік. Халықтың арыз-шағымын өзім Астанаға арқалап келіп, Мәжіліс депутаттарына жеткіздім. Сондай-ақ Президент әкімшілігі мен Бас Прокуратураға қараша халықтың қолы қойылған қағазының түпнұсқасын тапсырдым.  Бұл іспен Бас прокуратур Берік Асыловтың көмекшісі Ербол Құбашевтың өзі тікелей айналысып, істі оңтайлы шешуге көмектесті.

Негізі карьер берген кезде тиісті органдар оның зияндылығын есептеуі керек. Бір қызығы тиісті орган қоршаған ортаға зияндылығын есептеген кезде жануарлар әлемі мен өсімдіктердің мәселесін назарға алмаған екен. «Ақтоғай жерінде орман жоқ, аң жүрмейді» деп қорытынды шығарып берген. Ал ол ну орманның ішінде аң-құс пен өсімдіктің неше түрі бар. Өкінішке қарай оның бірде біреуін есепке алмаған болып шықты. Аталған қорытындыны берген Батыс Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасын сотқа беріп, құжатты жарамсыз еттік. Біз жануарлар әлемі мен өсімдіктер есептелмеген деп басқарманы сотқа беріп, жердің барлығын қайтадан мемлекеттің меншігіне қайтарып алдық», – дейді ол.

«Ну орманды отап, оңай пайда тапқысы келді»

Дәуренбек Сақым экобелсенділер мен халықтың бірлігінің арқасында Ақтоғай орманы карьерге айналмағанын айтады.

«Қарапайым халық «Егер осы орманға техника әкелсеңдер оны өртеп жібереміз» деп көтеріліп, палатка құрып жатып алды. Компания өкілдері халықтың қаһарынан қаймығып, техника кіргізбеді. Белгілі журналист Лұқпан Ахмедияровтың ауылының тұрғындары «Тоғайға дейінгі шаруа қожалық жерлерін бермейміз. Техникаларың біздің жермен жүрмесін» деп қарсы тұрды. Компания өкілдері «Жоспар бойынша столбы шығаратын зауыт саламыз» деп халықты алдап, жол салатын компанияға «Менің карьерлерді сатып алсайшы» деп жүр екен. Яғни, ауыл халқына «Бетон зауытын салып, жергілікті азаматтарды жұмысқа аламын» деп алдап жерді алады да,  оны басқа адамға сатып жібергісі келіп отыр. Ұзын сөздің қысқасы, ну орманды отап, оңай пайда тапқысы келген.

Бұл дегеніңіз қоршаған ортаға орасан зор зиян тигізеді. Себебі жалпы көлемі 77 мың гектар жердің 1000 жылдық ағаштарын кесіп тастайын деп тұр. Екіншіден, егер былтыр карьер қазылғанда биылғы тасқын су кезінде Жайық өзені тасып,  халыққа зиян келтіретін еді. Себебі карьер қазылғанда Жайық өзенінің арнасы өзгеріп кетуі мүмкін. Мысалы 77 мың гектар жердің 1 гектарында жоқ дегенде 1000 ағаш бар. Әрі беріден соң мыңжылдық ағаштарды кейін өсіру мүмкін емес. Біз әкімдікпен «Сендер жылына бір гектар жерге ағаш екпейсіңдер, бірақ 77 мың гектарды құрдымға жібересіңдер» деп тартысамыз. Бұл менің қызметімдегі басты кейстердің бірі болды», – дейді ол.

«Құзырлы орган қоршаған ортаны емес, бизнесменді қорғайды»

Дәуренбек Қалапбергенұлының айтуынша, еліміздің экологиялық заңдары халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Әйтсе де ол заңнамада жазылған заң көп жағдайда орындала бермейтінін ескертті.

«Біздің экологиялық заңның барлығы күшті жазылғанымен оның орындалуын ешкім қадағаламады. Экологиялық департамент, табиғатты қорғау прокуратурасы және табиғатты қорғау полициясының барлығы «Кәсіпкерге тиіспеңдер» деп, қоршаған ортаны емес, бизнесменді қорғаштайды. Мысалы біз экологиялық мәселеге байланысты айына 5-6 компанияның үстіне арыз жазамыз. Тексеруді тіркейін десе шағын кәсіпкер деп арызды тіркетпейді. Ал олар жауапкершілік болмағаннан кейін ойына келгенді істеп жүре береді.

Негізі әкімдік пен мемлекеттік органды тексеру оңай, ал жекеменшік секторды тексеру мүмкін емес. Мысалы бізде заң бойынша «Әрбір ауылда полигон болу керек» деп, халқаралық стандарт ескерілген. Бірақ полигондарды тексеруге келгенде оған қаржы бөлінбегенін білесің. Біздің Батыс Қазақстан облысында халықаралық стандартқа сәйкес келетін бірде бір полигон жоқ. Бірақ құжат бойынша 450 полигон бар. Ал аталған полигондарды дүниежүзілік заңдарға сәйкестендіру үшін 57 миллиард теңгедей қаржы керек. Бір қызығы  бізде заңды қабылдап тастайды да, бірақ оған ақша бөлінбейді екен», – дейді ол.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ