«Қазақ ағартушылары мешіт-медіреселерде сауатын ашты»

XIX-XX ғасырда Қазақ даласындағы діни ахуалы қалай болды және халықтың дінге көзқарасы қандай болды? Дінтанушы Кеңшілік Тышқанның айтуынша, XIX-XX ғасырдың басында біздің елде мешіт пен медресе басымдықта болған.

«Қазақ ағартушылары, Алаш зиялыларының көбісі мешіт-медіреселерде сауатын ашты. Ары қарай жоғары оқу орындарын оқыды. Бірақ соған қарамастан  мешіт-медіреселерде оқып, хат танып, сауатын ашқан. Медіреселердің функциясы өте жоғары болғаннан кейін тек дін емес, басқа салаларды оқытты. Дін бөлек, пән бөлек деген нәрсе кейіннен пайда болған. «Пән» деген терминнің өзі діни терминде пәни, уақытша дегенді білдіреді. Яғни, осы дүниеге қатысты ғылым дегенді білдіреді. Шын мәнісінде дін ғылымы, пән ғылымы, тіл ғылымы, жаратылыстану ғылымы қатар қамтылғандықтан көп жағдайда біздің діни ахуалдарымыз тек соқыр ілім ретінде таралды, тек дін ілімі ретінде таралды деген көзқарастан аулақ болуымыз қажет.

Егер ондай болғанда халықты алға сүйрейтін зиялы қауым пайда болмас еді деген ой келеді. Себебі, шын мәнінде медресе дегенді қазіргі кездегі медіресемен елестетеді. Ал ол кездегі медіреселер Абайдың айтатындай: «Баламды медіресеге біл деп бердім» дегені сияқты, ол жерде білім, ағартушылық, тіл білімі, арабша, парсыша, шағатай тілі, ескі жазулар оқытылып, хат танып, астрономия, физика, жаратылыстануды үйрететін. Алаш зиялыларының әр пән бойынша жазылған кітаптары оның барлығы медіресе іргесінде алынған білімге сүйенеді. Егер олар медіреседе тек Құран жаттаған болса, олар психология, тіл ғылымы туралы жаза алмас еді. Оны да басты назарға алу керек. Ол кездегі медіресенің функциясы діндарларды халықтан бөліп алу мақсаты болған жоқ.  Ол кездегі исламның функциясы тек дінді алға тартып қоғамды құрту болған жоқ.  Ол кезде білім беретін ұстаздардың өзі оқу мәселесін, елдік мүдде мәселесін, моральдық құндылықтарды, адамгершілік мәселесін алға тартты. Жалпы Орта Азиядағы діндарлық моральға негізделеді. Біздер докматистік, фундаменталистік деген мәселелер өте аз болған», – дейді дінтанушы.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ