«Қазақ халқы қалалық ұлтқа айналып келеді»

Саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстан халқының саны 30 миллионнан асып кетті деген пікір негізсіз екенін айтады.

1989 жыл мен 1999 жыл аралығында қазақстардың үлес салмағы 40 пайыздан 53 пайызға дейін яғни 13 пайызға көбейген екен. Ал 1999 жыл мен 2009 жыл аралығында мемлекет құрушы ұлттың үлес салмағы 9 пайыз яғни 64 пайыз болған. Бір қызығы 2009-2021 жылдардағы соңғы санақта қазақтардың үлес салмағы небәрі 6 пайыз өскен. Мұның себебі неде? Сондай-ақ әлеуметтік желіде «Еліміздегі халықтың саны 20 миллион емес, 30 миллионнан асады» деп айтылып жүр. Бұл сөзге қаншалықты сенуге болады? Бұл уәжге Әзімбай Ғали өз ойын білдірді.

«Жоғарыда айтқанымдай демография ғылымының өзіне тән заңдылықтар бар. Ол тиянақты заңдылық деп аталады. Кей кездері туу көрсеткіші төмендесе, белгілі бір кезеңде керісінше көбейе түседі. Егер соңғы 10 жылда небәрі 6 пайызға өссек оны табиғи өсімнің азайғанымен түсіндіруге болады.

Ал енді «Қазақстан халқының саны 20 миллион емес, 30 миллионнан асып кетті» деген сөзге сену қиын. Себебі экономикалық потенциолды алдау мүмкін емес. Біздің экономистер мен еңбек ресурстарының мамандары Қазақстанның туу көрсеткішін болжайды. Халықтың санын экономикалық тұрғыдан асырып айту тиімсіз. Сонымен қатар алыс-жақын шетелден көшіп келетін азаматтардың санын болжап, біле алмаймыз. Бұл көршілес Қытай мен Ресей, Моңғолия мен Өзбекстандағы саяси-экономикалық жағдайға тікелей байланысты. Мысалы Өзбекстандағы жұмыссыздыққа байланысты ондағы қандастарымыз Қазақ еліне көшіп, осында өмір сүргенді дұрыс көреді. Сонымен қатар Ресейдегі соғыстан қашып, елге қоныс аударған азаматтар баршылық», – дейді ол.

«Германияға көшкен азаматтардың қазаққа өкпесі жоқ»

БҰҰ «Қазақстан халқының саны 2050 жылға қарай 25 милллион болады деп болжам жасаған екен. Алдағы 25 жылда Қазақстан халқының саны 5 миллион ғана өсе ме?

«Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл болжамына байланысты дөп басып бір нәрсе айту қиын. Себебі халық санының өсуіне әсер ететін екі үрдіс бар. Оның ең біріншісі елдегі басқа ұлт өкілдерінің көшуін естен шығармауымыз керек. Айталық кезінде елімізде 1 миллионға жуық немістер тұрған. Олардың көпшілігі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарихи отанына көшіп кетті. Германияға барған сапарымда ондағы немістердің көпшілігі қазақ тілін жақсы білетінін байқадым. Бірақ олар сол жерге сіңіп, жерсініп кетті. Естеріңізде болса, Совет үкіметі еліміздегі 1 миллион неміс азаматтарына Ақмола облысында арнайы автономия құрып береміз деп құлшынған болатын. Әйтсе де Тәуелсіздік алғаннан кейін немістердің көпшілігі отанына көшіп кетті. Германияға көшкен азаматтармен әңгімелескенде олардың қазаққа өкпесі жоқ екенін аңғардым. Керісінше олар қазақ халқына дән риза екен.

Шыны керек Қазақ ұлтының үлес салмағы 70 пайыздан асқаннан кейін қауіп-қатер сейілейін деді. Себебі кезінде орыс диаспорасының көптігінен қорқып, сақтанып едік. Қазір олармен өзара тіл табысып, аман есен бір мемлекетте өмір сүріп жатырмыз.

Кейбір сарапшылар «Қазақ халқының саны көп болуы керек» деп айтып жатады. Енді бірі саннан гөрі сапаға көңіл бөлу керек екенін ескертеді. Әрине санымыздың көп болғаны қазақ үшін өте маңызды. Бірақ саннан сапа шығатынын ұмытпаған жөн. Бұрын қазақ халқының жартысынан көбі ауылды жерде өмір сүрсе, қазіргі таңда қазақ халқы қалалық ұлтқа айналып келеді. Бұл да біздің сапалы ұлт болуымызға түрткі болады», – дейді Әзімбай Ғали.

  Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ