«Алаштықтар халқын әлеуметтік тегіне қарамай тұтастай сүйді»

Қазақ халқының рухани құндылықтарының дамуын біз қалай түсінеміз? Сондай-ақ  ел тарихы ұлттық құндылығымыздың дамуына қаншалықты үлес қосты? Осы және өзге де сұрақтарға тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі  Тұрсын жауап берді.

«Қазақтың ұлттық құндылығын назардан тыс қалдыруға болмайды»

Хазретәлі Маханұлының айтуынша, қазақ халқының рухани құндылықтары деген – ауысымды дүние.

«Әрине рухани құндылықтар мен тарих бір-бірімен тығыз байланысты дүние. Әр ұлтты өзге елден ерекшелейтін көп компоненттер бар. Солардың бірі осы құндылықтар жүйесі. Ұлттық құндылықтар тұрмыс-салт пен шаруашылықта және дүниетанымында кездеседі. Қазақтың дәстүрлі қоғамында ұлттық құндылықтар қалыптасты. Қазақтың дәстүрлі қоғамы кезінде қазақтың ұлттық болмысы, бітімі негізделіп шыңдалса, құндылықтарымызды дәстүрлі қоғамның қайығынан тыс қарастыра алмаймыз. Ұлттық құндылықтардың ішінде туыстық қарым-қатынас деген нәрсе бар. Қазақ қоғамында ерекше орын алатын құндылықтың бірі.

Мәселен қазір көтеріліп жатқан  отбасы институты қазақ қоғамында бұрыннан қалыптасқан дүние. Одан бөлек жеті атадан қыз алыспау деген ұғым қазақтың рулық-тайпалық құрылымының негізінде жатыр. Рулық тайпалық құрылым қазақ қоғамының өмір сүруінің негізгі формасына айналды. Бұл ұлтқа, жүзге, руға, тайпаға біріккен қазақ құндылықтарды бойына сіңіп, мемлекеттік деңгейге көтерілді. Қазақты жершіл, рушыл деп жататын әңгімелердің барлығы бос сөз. Бұл жерде қазақтың ұлттық құндылығын назардан тыс қалдыруға болмайды. Дәл осы дәстүрлі қоғамда тәрбиеленген, зерттеуші ғалымымыз Шоқан Уәлиханов бір сөзін дәйек ретінде келтірген жөн. Айтулы ғалым «Мен әуелі өзімнің отбасымды сүйемін. Одан кейін ауыл-аймағымды сүйемін. Сосын ағайынымды сүйемін. Сосын халқымды сүйемін. Содан кейін барып бүкіл адамзатты сүйемін» деген екен. Бұл сөз дәстүрлі қазақ қоғамының анықтамасы сияқты. Қазақ әуелі өзінің отбасысын, ауыл-аймағын, туысын, руын, тайпасын құрметтеп өсті. Сол арқылы ол бүкіл ұлттық деңгейге көтеріле алды. Демек ұлттық құндылықтардың қалыптасуы тарихи процесстермен тығыз байланысты», – дейді ол.

«Кеңес үкіметі кезінде ұлттық құндылықтарымыз жіктеле бастады»

Жалпы ел тарихында рухани құндылықтарымыз қай дәрежеде көрініс тапқан? Мәселен өзіңіз зерттеп жүрген Алаш идеясында ұлттық құндылықтар көрініс тапқан ба?

«Біздің дәстүрлі ұлтттық құндылықтарымыз кешегі Кеңес үкіметі билігі кезінде трансформацияға түсті. Ұлттық құндылықтар саяси құндылықтармен алмастырылып жатты. Тарих ғылымында этнодеформация деген ұғым бар. Этнодеформация дегеніміз ұлттың, этностың революциялық жолмен дамуын сыртқы күштердің апатты арнаға бұрып жіберуі болып саналады Яғни, эвалюциялықдаму жолы емес, революциялық жол. Осыған байланысты жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде біздің алаштық зиялылар біртұтас болып отырлық билікке үлкен қозғалысты дүниеге әкелді. Ұлт азаттық формада болсын, басқа формада болсын күресті.

Алайда Кеңес үкіметі орнаған кезден бастап ұлттық құндылықтарымыз жіктеле бастады. Жіктелгенде дәстүрлі ұлттық құндылықтар мен саяси құндылықтар деп үлкен екі арнаға топтастырылды. Мысалы Алаш қозғалысы қайраткерлері халқын тапқа, әлеуметтік тегіне қарамай тұтастай сүйіп, жақсы көрді. Бұл дәстүрлі отаншылдық құндылық. Ал большевиктік идеологияға бұл құндылық сәйкес келмейді. Олар ұлтты топқа, тапқа, жікке бөліп тастады. Осы жерден біртұтас қазақ зиялылары қарама-қарсы топтарға жіктелуіне алып келгенін көреміз. Большевиктік қоғамның реформалары «Кіші қазан төңкерісінен» басталды. Олар өз ұғымдарын орнықтырып мақсатты түрде қазақтың кедей шаруалары мен жоқ-жітіктерін байлар мен ақсүйектерге қарсы қойып, бір-біріне айдап салып отырған.

Осы жіктелу біздің ұлттың 1931-1932 жылдары үлкен ашаршылық терроры кезінде этнодемографилық апатқа ұшырауымызға түрткі болды. Әрине бұл қосалқы себеп. Жіктелген байлар мен болыстарды жау қылып қоғамнан аластатуға тырысты. Ал кедей, жарлы-жақыбайды жұмыс күші ретінде пайдаланды. Яғни жұмсақ ет, езуге ыңғайлы болды. Саяси реформаның құрбанына айналдырды. Саяси қуғын-сүргін құрбаны, атылу, жазалану, жер аудару – осының барлығы түпкі негізінде экодеформациялық процесстерді тудырды. Ұлттық құндылықтар тұтас күйінде сақталып, ұлттық құндылық негізінде саяси құндылықтар құрастырылғанда халық, зиялылар тапқа, топқа, жікке, идеологияға бөлінбейтін еді», – дейді тарихшы.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ