«Ахмет Байтұрсынұлынан үлгі алып жатырмыз»
Мемлекеттің өсіп өркендеуі білімді жастардың қолында. Ал еліміздің білім беру саласында қандай іс-шаралар іске асып жатыр. Үнемі айтатын ұстаздық беделін арттыру мен білім беру бағдарламаларын жетілдіру сөз жүзінде қалып жатқан жоқ па? Сондай-ақ жастардың кітап оқуға деген құштарлығы қаншалықты жоғары?
«Ұстаз мемлекеттік саясатты жетік меңгеру керек»
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау еліміздің білім беру саласында оң өзгеріс көп екенін айтады. Әйтсе де ол жастар арасында әртүрлі проблема бар екенін жасырмады.
«Біріншіден, университет қабырғасы қоғамдық орын болғандықтан қоғамдағы болып жатқан маңызды мәселелер осы жерде орын алады. Қазір жастар арасында кең етек алған лудомания, суидцид, қаржылық сауатсыздықтың кесірінен болатын алаяқтарға алданып қалуы, несие алып, қарыздарға кіріп кету мәселелері өте көп кездеседі. Қоғамда қандай жағдайлар өзекті болса, университетте де сондай жағдайлар көрініс табады.
Мысалы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде 17 200 азамат білім алады. Бұл үлкен контингент. Университетте әртүрлі тап өкілдері, әртүрлі отбасы жағдайдан шыққандар, әлеуметтік жағдайы әртүрлі адамдар бар. Университеттің басым көпшілігі яғни 70 пайыз студент ауылдан келіп білім алушылар. Алыс-шалғай ауылдардан келген білім алушылардың басты мақсаты педагогикалық мамандыққа тәрбиеленіп шығу. Сондықтан да біз жоғары оқу орнында толық адам идеологиясымен сабақ береміз. Себебі «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» екенін бірінші орынға қоямыз. Өйткені, классикалық білім берумен қатар жан-жақты студентті дамытуымыз керек. Сол себептен, ертең оқушылардың алдына ұстаз болып барған студент міндетті түрде мемлекеттік саясатты жетік меңгеру керек.
Сонымен қатар, ең бірінші кезекте педагогикалық мамандық иесі болу керек. Сол үшін университет білім алушыларды оқу жылының жартысынан бастап, толыққанды кәсіби практикаға жібереді. Қазір студенттер педагогикалық практикаға кетті. Яғни, дуалды жүйе толық енді. Барлық мектептермен келісімшарт жасалып, 95 пайыз болашақ педагог маман иелері практикада біліктілігін шыңдап жүр. Университетте оқытылатын білім мен мектептегі жүйе бір үйлесім табуы үшін жасалып жатыр. Өйткені, мектеп басшылығы «Университеттегі білім мен мектептегі білім сәйкес болуы керек» деп талап қойып отыр. Қазір мектепте қандай оқулықтар болса, сол оқулықтармен студенттер дайындалып барады. Педагогикалық практика аяқталғаннан кейін мектептің директорлары практикаға қатысқан студенттерді жұмысқа қабылдау туралы шақыртулар жібереді. Биыл Абай университеті түлектерден, әсіресе педагогикалық мамандық бойынша 95-96 пайыз студенттерді жұмысқа қамтуды қолға алды», – дейді ол.
«Ахмет Байтұрсынұлы жастарды саябаққа шақырып, дәріс оқыған екен»
Мақсат Жақау академиялық аудиторияда айтылатын дәрістерден бөлек еркін форматтағы дәрістер маңызды екенін айтады.
«Біз қазір тәлімгерлік мектебін қалыптастырып жатырмыз. Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы профессор ретінде жастарды саябаққа шақырып дәрісін оқыған екен. Сол кездегі архив құжаттарынан ұлт ұстазының аудиториядағы дәрістерден бөлек, шәкірттерді саябаққа шақырып, ұлттық, қоғамдық, мемлекеттік саясатқа байланысты оқыған дәрістері туралы дерек таптық. Мұның барлығы шәкірттерінің тұлғалық бағытта дамуына үлкен әсер еткен. Осы шәкірттердің арасында қаншама академиктер шыққан. Ахмет Байтұрсынұлынан үлгі алып, бізде тәлімгерлік бағытты күшейтіп жатырмыз.
Біз көбінде қоғам қалай жүріп бара жатқанын, саяси, мәдени көзқарастың қандай болу керек екенін тәлімгерлер арқылы жеткізгіміз келеді. Біздегі шаралар жалпылама шаралар болмуы керек. Ол университетке әсер ете алатын, эмоциясына әсер беретін және олардың талғамына келетін шара болу керек. Біз шараларымыздың барлығын мазмұндық дүниеге ауыстырып жатырмыз. Өйткені, бұл сабақтастық қалыптаспаса, флешмоб секілді ұсақ-түйек арзан дүниелермен студенттің уақытын алып керегі жоқ. Оны студенттер көрмейді де және тәлімде алмайды. Сондықтан, әр нәрсені студенттердің өзімен ақылдасып, сол бағытта жасауға тырысып жатырмыз», – дейді ол.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ