«Елімізде электр қуатын тұтыну көлемі жыл сайын 3-4 пайызға артуда»

Ақмола ҚХА Целиноград ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Айнаш Ақмамбетованың айтуынша, атом энергетикасы отандық ғылымның дамуына да зор серпін бермек.

«Еліміздің әр өңірінде орналасқан өндіріс орындары, бизнес объектілері, тіпті ауыл шаруашылық құрылымдары – ел экономикасының драйвері. Әрі халқы көп елді мекендерде, округтерде жыл өткен сайын жаңа нысандар ашылып, кәсіпкерлік саласы дамып келеді. Дегенмен, қандай да бір өндірісті бастау үшін инфрақұрылымдық жүйелер қажет. Оның қатарында электр қуаты да бар.

Мамандардың есебінше, елімізде электр қуатын тұтыну көлемі жыл сайын 3-4 пайызға артуда. Ал бүгінде оны өндіру ісінде көмірдің үлесі көп. Атап айтқанда, электр қуатының 70 пайыздан астамы осы қатты отынның көмегімен алынады екен. Демек, ауаға тарайтын көмірқышқыл газының да мөлшері аз емес. Нақты айтқанда, улы заттар қоршаған ортаға кері әсерін тигізуде. Сондықтан, дамыған және дамушы елдер атом энергиясын жандандыру жұмысын жалғастырып жатыр. Тіпті, оны «жасыл энергия» көзінің қатарына қосты. Себебі, қоршаған ортаға залалы аз, ал экономикаға тигізер пайдасы мол. Бастысы, АЭС-тен электр қуатын тұрақты түрде алуға болады. Ол, күннен, желден өндірілетін энергия секілді табиғаттың құбылысына байланысты емес. Күні-түні және сенімді түрде алынады. Әрі АЭС-ке қажетті отын – уран қоры өзіміздің жерімізде мол.

Бұдан бөлек, атом энергетикасы отандық ғылымның дамуына да зор серпін бермек. Медицина, ауыл шаруашылығында да қолдануға болады. Бұл бағыттағы ғалымдарымыздың жетістігі әлемдік ғылыми ортада да мойындалған.
Сондықтан, АЭС салу бойынша 6-қазанда өтетін референдумға қатысып, таңдау жасау – баршамыздың парызымыз деп білем. Себебі, бұл еліміздің болашағы үшін аса маңызды», – дейді ол.