Alashorda.kz ақпараттық агенттігі «Аңыз адам» журналынан тағы бір сұхбат ұсынады.
Соғыстан кейінгі жылдары батыр Бауыржан Момышұлымен кездесу, оның мінезі мен талабы, әдеби ортадағы пікірталастар – жазушы Әзілхан Нұршайықовтың естелігінде айқын сақталған. «Ақиқат пен аңыз» романының дүниеге келу тарихы да оңай болмағаны осы сұхбаттан аңғарылады.
– Әзілхан ата, Баукеңмен таныстығыңыз қалай басталды?
– Баукең туралы мен алғаш рет Александр Бектің 1943 жылы «Знамя» журналына шыққан Панфилов дивизиясы туралы жазылған шығармасынан оқып білдім. Сонда Баукеңнің батырлығына, азаматтығына, солдаттарына деген қамқорлығына қатты риза болдым. Соғыстан соң Баукеңді 1948 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде көрдім. Одан кейін араға 8 жыл салып, Алматыға қоныс аударғанда кездестім.
Алғашында Баукеңнің қасына барып сөйлесу, маңына жолау оңай болмайтын. Көзқарасының өзі өте өткір еді. Егер бір нәрсе ұнамаса, бетің бар, жүзің бар демей, турасын айтып тастайтын.
- Маңына баруға жүрек дауаламаған батыр ата жайлы жазуыңызға не себеп болды?
– «Жұлдыз» журналы редакциясының тапсырмасымен, Баукеңнің 60 жасқа толуына байланысты батыр туралы бес бет мақала жазуым керек болды. Алғашында азар да безер болдым. «Сөйлесе алмаймын, Баукең жұртты маңына жолатпайды дейді, мені де қуып шығады» деп қарсылық білдірдім.
«Одан да мені хайуанаттар бағына апарып, сонда торда тұрған арыстанның жалынан сипап қайт деңдер» деп әзілдедім.
Бірақ басшыларым «Сенен басқа ешқайсымыз соғыста болмағанбыз, мақаланы сен жазып әкел» деп өтінген соң, тапсырманы қабылдадым. 40 сұрақ дайындап, Баукеңе хабарласып, келесі күні үйіне бардым. Қолым дірілдеп, есікті қақтым.
«Қалай болар екен, қуып шықпас па екен» деген қорқыныш та бар. Есікті әйелі ашты, Баукең ас үйде шай ішіп отыр екен.
Кірдім де: «Здравия желаю, товарищ полковник!» – деп сәлем бердім.
Баукең бетіме алара қарады да: «Неге келдің?» – деді.
«Бауке, «Жұлдыз» журналы сіз туралы мақала жазып кел деп еді. Сіз ерлігіңіз туралы өзіңіз жаздыңыз, басқа авторлар да жазды, дегенмен айтылмай қалған жерлер бар сияқты. Солардың ішінен не жазу керектігі туралы сізбен ақылдасуға келдім» деп едім, Баукеңнің қабағы түксиіп, мұрты едірейіп, ашулана бастады.
«Немене, ол мақаланы саған мен жазып беруім керек пе? Кругом!» – деді.
Мен де әскери адаммын ғой, артқа жалт бұрылдым да, батырдың «Шагом маршын» айтқызбайын деп, «Бауке, дат!» дедім. Ол кісі мырс етіп күліп жіберді. («Дат» – қазақтың аузынан сирек түсетін, ескі, жақсы сөз ғой.)
«Датың болса айт», – деді.
«Бауке, теріс қарап тұрмын ғой, өзіңізге қарауға рұқсат етіңіз» дедім.
«Бұрыл!» – деді.
Қайта бұрылдым да, қырық сұрағым жазылған қағазды қойнымнан суырып алып: «Бауке, мен сізге жазып беріңіз деп келгенім жоқ, сізге қоятын сұрақтарым бар, соларға жауап берсеңіз, мен өзім жазып шығамын», – дедім.
«Әкел», – деді.
Аяғымды әскери адамша басып, Баукеңнің қасына бардым да, қолына төрт бет қағазды ұстата қойдым. Алғашында зейін салып оқып отырды да, бір кезде едірейіп тұрған мұрты салбырай бастады. Төрт бетті оқып шыққаннан кейін орнынан тұрып: «Да, это серьезно», – деді. Сосын саусағымен нұсқап: «Садись», – деді.
Анадай жерде тұрған орындыққа жалп етіп отыра кеттім... Нәтижесінде Баукең туралы «Ақиқат пен аңыз» деген 160 беттік роман-диалог жазып шықтым.
– Көпшілік қалай қабылдады?
– «Ақиқат пен аңыз» жарияланғаннан кейін оқырмандардан 5 мыңнан аса ризашылыққа толы хат келді. Бәрін мемлекеттік мұрағатқа тапсырдым.
Роман жұртқа ұнады, бірақ кейбір ағайындарға жақпады. «Неге Әзілхан жазуы керек, басқа да мықтылар бар ғой» деген әңгімелер айтылды.
Әрине, бұл Баукеңе деген қарсылық емес, менің жазғаныма білдірілген наразылық еді.
Бір күні Баукеңе белгілі екі жазушы барып: «Кітапты жазған сізсіз, Әзілханнан авторлық құқығыңызды алып алыңыз, Нұршайықовты өңдеген немесе көшіріп алған деп айту керек», – деген екен.
Баукең екеуін де үйінен қуып шығыпты.
Жолым түсіп, үйіне бара қалсам, батыр ашуланып отыр.
«Здравия желаю, товарищ полковник!» – деп амандасып едім,
«Молчать!» – деді.
«Не болды?» десем:
«Сен кінәлісің бәріне!» дейді.
«Сенің жазған романыңды ел қызғанып, жамандап кетті. «Мен романды кім жазғанын білемін, не айтқанымды білемін. Кетіңдер үйден!» деп айдап шықтым. Бұл – күншілизм. Қазақты құртатын – күншілдік. Осы үшін сен кінәлісің!» – деді.
Артынан Жазушылар одағында осы жайтқа қатысты талқылау жүргізді. Барлығы бір ауыздан романды қолдады.
Жыл өтпей-ақ екінші рет қайта басылып шықты. Әлі күнге өмір сүріп келеді.
Дайындаған Гүлмира Әділханқызы