Іргеміздегі Иран Ислам Республикасының халқы 27 желтоқсаннан бері толқып тұр. Әу баста ұлттық валютаның құнсыздануынан басталған наразылық соңғы күндері саяси талапқа ұласты, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
«ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА 42–43 ПАЙЫЗҒА ҚҰНСЫЗДАНДЫ»
Шығыстанушы Қуанышбек Қари Иранның базарында басталған толқудың 10 күннен асқанын айтады. Сарапшы наразылыққа валютаның қатты құнсызданып, қымбатшылықтың халықтың тұрмысына әсер етуі басты себеп болып отырғанын тілге тиек етті.
«Валютаның құнсыздануы базардағы кәсіпкерлер мен қарапайым халықтың кірісіне әсер еткен соң, біздегі барахолкадан да үлкен Тегеран базарынан басталды. Өткен жылдың желтоқсан айының 27–28 күндерінен басталған наразылық қазір елдегі 31 провинцияның 29 аймағына тарады. Оның ішінде елдің басты орталық қалаларында ғана емес, сонымен қатар шеткері аймақтағы моноқалаларда да жалғасып жатқаны назар аудартады. Мәселен, бұған дейін Шираз секілді халқы тыныш болған қалалардың наразылыққа шығуы жағдайдың тым жақсы емес екенін аңғартады.
Халықтың мұншама тегеурінді наразылығы неден туындады? Бұл – жылдар бойы қордаланған проблеманың жарылғаны деп ойлаймын. Ұлттық валюта соңғы апталарда 42–43 пайызға құнсызданды.
Жалпы АҚШ билігіне Трамп бірінші мерзімде президент болып келгеннен кейін және соңғы бір жылда Иранға қарсы қысым күшейе түсті. Санкция құрсауында жатқан ел одан сайын қинала бастады. Бұл халықтың дастарханына әсер етті. Иран өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған ел деп санағанымен, соңғы жылдары әлсірей бастағанын көрсетті. Үкіметтің халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты мүмкіндіктері қазір әлсіреп кетті. Үкіметте қаржы болмаған соң, алтын қорын пайдаланып жатыр. Кешеден бері ұлттық валюта күрт құлдырады. Толқу әу баста қарқынды басталып, кейін басылған еді. Соңғы құнсызданудан кейін жағдай бақылаудан шыға бастағаны байқалады», – дейді сарапшы.
«САДДАМ РЕСЕЙГЕ ҚАШУДАН НЕГЕ БАС ТАРТТЫ?»
Бұған дейін британдық парламентарий Том Тугендхат ресейлік жүк ұшақтарының Тегеранға қонып, Ираннан айтарлықтай көлемде алтын әкете бастағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл Иран басшылығының «биліктің құлдырауына дайындалып жатқанын» көрсетеді. Расында, Аятолла биліктен кетуге дайындалып жатыр ма?
Қуанышбек Қари мұндай әрекет екінші қатарлы жоспар ретінде қарастырылып жатқан болуы мүмкін екенін айтады. Бірақ ол британдық парламентарийдің сөзінің шын-өтірігін анықтау қиын екенін ескертті.
«Әдетте наразылықтар кезінде осындай түсініксіз әрекеттер байқалады. Бұл жерде бір ғана мәлімет анық: “Ресейдің әскери-транспорттық ұшақтары Тегеранға қонып жатыр” деген ақпарат айтылып жатыр. Бірақ ол не үшін келді және ол алтын тасымалдау ма, әлде Аятолланы тасымалдау ма – оны бір Құдай біледі. Бірақ мен Саддам режимі құлаған кезде Иранның телерадио кешенінде жұмыс істедім. Сол кезде Ресей тарапынан Иракқа қол ұшын созған жағдайлар болды. Ирандық мәлімет бойынша, Евгений Примаковтың өзі бірнеше рет Иракқа барып, Саддам Хусейнді Ресейге алып кетуге тырысқан көрінеді. Енді, жоқ дегенде, қазір Саддамның архиві қайда? Сол кезде кейбір құжаттар Ресейге жеткізілді деген ақпарат бар. Ол архивте репрессиялар мен бұған дейінгі толқулар кезінде адамдардың қалай жазаланғаны жазылған болуы мүмкін», – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Иран – аса күрделі, көпұлтты ел. Мәселен, белгілі бір ұлт компакт түрде бір жерде өмір сүріп жатса, оның тұрып жатқан аймағын ауыстыру жағдайлары болып тұрады.
«Халықты көшіру белгілі бір мемлекеттік бағдарламаға еніп, жария болып, әшкереленген жағдайлар болған. Оның бәрі, әрине, архивте сақталады. Ресей ұшақтарының келуінде Аятолланы алып кету ғана емес, басқа да мәселелер бар шығар деп ойлаймын. Оны нақты айта алмаймын. Бірақ Ирандағы жағдай Ирак режимі құлайтын кезге ұқсап тұр. Сол кезде Ресейден Бағдатқа ұшақтар жиі барып, Примаков екінші жоспарды талқыласа керек. Бірақ оған Саддам көнбеген сияқты. Сол кездегі келіссөздердің қалай өткенін көрсететін архив құжаттары Ресейге көшірілген болуы мүмкін», – дейді ол.
АҚШ АЯТОЛЛАНЫ КӨЗДЕП АТУЫ МҮМКІН БЕ?
Жуырда АҚШ көршілес Венесуэланың президенті Николас Мадуроны үйінде ұстап, өз еліне алып кетті. Дәл осы сценарий бойынша Иран көсемі Аятолланы ұстауы мүмкін бе? Қуанышбек Қари Венесуэладағыдай сценарий Иранда жүзеге аса қоймайды деп ойлайды.
«Егер Аятолланы залалсыздандырып, бейтараптандыру керек болса, жердің қашықтығы әрі Израиль дайын тұрған кезде АҚШ оған қатысып әуре болмайтын шығар. Әрине, осы сценарий бойынша Аятолланың резиденциясына немесе бункеріне келіп, алып кетпеуі де мүмкін. Мүлде басқаша жүзеге асуы ықтимал. Мәселен, нақты көздеп атуы мүмкін. Айталық, қазір жаңа жылдан бастап Израиль лазерлік қаруды әскерге қабылдап жатыр. Қазіргі цифрлық дәуірде, дрондар соғысы кезінде бұл мәселе Венесуэладағыдай емес, басқаша іске асуы мүмкін.
Бірақ бұл да екіұшты мәселе. Себебі дәл қазіргі таңда Америка президенті Иран билігіне ескерту жасап, “Наразылыққа шыққандарды атсаңдар, біз іске кірісеміз” деген сарындағы мәлімдемелер жасап отыр. Осындай қоқан-лоққы айтылғанымен, бұл нақты жүзеге асатын әрекет емес сияқты. Өйткені Иранға қарсы Америка мен Израиль әрекет жасаған күннің өзінде, олар толқу басылған соң ғана қимылдауы мүмкін.
Ал Иранға қарсы соғыс ашылатын болса, парсы жұртын біріктіріп жіберуі де ықтимал. Мысалы, былтырғы жаздағы 12 күндік соғыс кезінде Иранды сынап жүрген наразылардың өзі “Бәріміз бір Отан үшін” деп халықтың басын біріктірді. Америка мен Израиль осы жайтты ескеріп отырған шығар. Қысқасы, Венесуэладағыдай сценарийдің жүзеге асуы неғайбыл», – деді сарапшы.