Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнар Міржақыпқызының Сәбит Мұқановқа байланысты естелігінде тосын пікір жазады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
* * *
Сәбеңнiң белсендi жас кезiнде Мiржақып пен алашордашыларға тиiсiп, жамандап жазғаны үшiн өз басым кiнә тағып өкпелей алмаймын. Өйткенi оны қатаң заман талабынан шыға алмауынан көремiн. Неге олай жазды, неге бұлай жазбады деп жазғырудан аулақпын, кек тұтқаным да жоқ. Өзiм бiлетiн Сәбит ағамыз соңғы 1960–1970 жылдары Мiржақыпқа деген бұрынғы көзқарасынан, пiкiрiнен күрт өзгергенiн, райынан қайтқанын аңғарып, көрiп жүрдiм. Қай жылы екенi есiмде жоқ, Сәбеңмен және бiраз белгiлi жазушылардың ортасында Әбен екеуіміз бiр үйде қонақта болғанымыз бар. Сонда дастарқан басында жазушылардың өткен-кеткендi естерiне алып, әңгiмелерi ұзаққа созылған едi. Сәбеңнiң әңгiмесiн қалт жiбермей, ұйып тыңдап отырдық, бәрi қызық, тартымды. Езуiмiз күлкiден жиылмады. Үстелге ет қойылды. Табақ толы сүйегiмен мүшеленген еттiң үстiне тұтас қазы, шұжық, қарта салынған. Қойдың басы Сәбеңе тартылды. Пысықай жiгiттер ет турай бастады.
Сәбең бастың құйқасын бiр кесiп асады да, маған қарап: «Мiржақып ағамның қызы, Гүлнар қарындасым, саған құлағын берейiн», – деп қолыма ұстатты. Ағамыздың жұрт көзiнше әкемдi Мiржақып ағам дегенiне жүрегiм зырқ ете қалды (ол жылдары М.Дулатовты атау деген қылмыс). «Апырым-ай, мына сөзiнiң соңы неге апарып соғар екен? Менiң қырсығым өзiне тиiп кетпес пе екен?» – деп зәрем қалмады. Бiрақ iштей қуанғанымды несiне жасырам.
Арада бiрнеше жыл өттi. Сәбеңмен келесi және соңғы кездесуiм – Ғалым Ахмедовтің бәйбiшесi Қанапияның қайтқанына жыл толған кезде болып едi. Ғалекеңнiң қайғысына ортақтасуға келген ең жақын қаламдас жолдастары, туыстары iшiнде Әбен екеуiмiз де болғанбыз. Қаралы жиындағылар марқұмды еске алып, сөйлеп жатты. Бiр кезде Сәбең кеудесiн керiп, қарлығыңқыраған дауысымен тақпақтата жөнелдi:
Мынау кiм жатқан әлеумет,
Жас қабiрдi жамылып,
Мұнша ардақты кiм едi?
Тұрсыңдар бәрiң жабығып,
Жалғызы ма едi бұл елдiң,
Құрметтейтiн жабылып!
Бұл жатқан –
Жарлы да емес
Бай да емес.
Би де емес,
Бек те емес,
Сейiт те емес,
Хан да емес.
Алаштың бұл құрбаны –
Аяулы жолдас – Қази жас.
Қош, бауырым, жолдасым!
Армансыз сенiң өз басың,
Қабыл болып құрбаның,
Алашты Құдай оңдасын...
Сәбең айтып болды да, беторамалымен маңдайын сүртіп: «Бұл Міржақып ағамның Алаштың Қази атты жігітінің қазасына арнап қабір басында оқыған «Тұңғыш құрбан» деген жоқтауы болатын», – деп үндемей қалды.
«Тұңғыш құрбанды» шығарған Міржақып әкем екенін Сәбеңнің аузынан алғаш рет сол кезде естідім.
Сонымен оқушым, Сәбеңнің әріден келе жатқан Міржақыпқа деген көзқарасы теріс болмағанына көздеріңіз жеткен шығар. Бірақ кеңестік заман ыңғайымен ішіндегісін терең тұңғиыққа батырғандай, үндемей, қағаз бетіне түсіре алмай кеткеніне өкінемін...