«Ауыл аманаты» мал шаруашылығын дамытуда

«Ауыл аманаты» бағдарламасы өз кәсібін бастағысы келетін азаматтарға үлкен мүмкіндік болып отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығына қатысты кәсіп түрлерін қаржыландыру жұмыстары жандатып жатыр.
«Ауыл аманаты» жобасының қызығын аграрлы аймақ саналатын Жамбыл облысы көріп отыр. Мысалы биыл «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 10,5 млрд теңге бөлініп, аталған қаржыға 1 200 өтінімді несиелендіру көзделіп отыр. Нәтижесінде 1 672 жаңа жұмыс орны құрылады. Жоба талаптарына сәйкес бөлінген қаражаттың 50 пайызы мал сатып алуға, қалған 50 пайызы кооперативтерге және азаматтардың жеке кәсіп ашуына бағытталатын болады.
Атап айтқанда, мал шаруашылығы бағытына 5,2 млрд теңгеге 911 өтінім несиелендіріледі. Өсімдік шаруашылығын жүргізу үшін 5,3 млрд теңгеге 289 өтінімді, жеке кәсіп ашу бойынша 1031,0 млрд теңгеге 116 өтінімді қаржыландыру жоспарланған.
«Ауыл аманаты» бойынша қаржы алуда қиындық болған жоқ»
Өткен жылы өңірде «Ауыл аманаты» жобасына 24 млрд теңге қаржы қарастырылып, толығымен игерілді. Нәтижесінде 4 073 өтінімге несие қаражаты беріліп, 4 350 жаңа жұмыс орны ашылды. Әулиеата өңіріне бөлінген 24 млрд теңгенің 2 миллион 700 мың теңгесі Тұрар Рысқұлов ауданының тумасы 40 жастағы Нұрлан Зауырбековке бұйырған.
«Өзім ата кәсіп мал бағып жатқаннан кейін, ауыл шаруашылығына қатысты жұмысты жандандырғым келді. Себебі өзім бұқа бордақылап, қой байлап, шағын жұмысты місе тұтып жүрген болатын. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы алған қаражатқа 22 қой, 2 бие, 1 сиыр сатып алдым. Әйтпесе бұған дейін үлкен шаруа қожалығым жоқ. Бірақ ауылымыздағы шаруа қожалығымен келісіп, әр түрлі жұмыс істеуші едім. Жалпы айтқанда мал байлап, оның етін сатып тіршілік жасаймыз. Себебі халық арасында етке деген сұраныс ешуақытта төмендеген емес.
Шыны керек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қомақты қаржы алып, мал басын көбейтсем деп ойлап едім. Өкінішке қарай небәрі 2,5 млн теңге жеңілдетілген несие алдым. Бұл қаржы өзім ойлаған жоспарды орындауға жетпейді. Менің кепілге қойған үйімның бағасы арзан болды, егер үйім қалалы жерде болғанда көбірек қаржы алатын едім. Ауылдағы үйім кішкентай болған соң оны өзім ойлаған бағадан әлдеқайда аз бағалады. Әйтсе де, «Бұғанда шүкір» деп, жұмыс істеп жатырмын. Егер осы несиені кешіктірмей жауып, малымның санын көбейтсем, онда келесі жолы бұдан да көп қаржы алатын шығармын.
Ал жалпы алғанда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қаржы алуда қандайда бір қиындық болған жоқ. Құжаттарымызды толықтай өткізгеннен кейін комиссия үйге келіп тексерді», – дейді ол.
«Бұқа бордақылап, сату тиімді»
Нұрлан Зауырбеков малмен айналысып жатқанына 7-8 жылдың жүзі болғанын айтады.
«Алғашқы кезде үйде 30-40 бас қой ұстап, жұмысымды бастадым. Шыны керек ұсақ малды үйде ұстау қиын болып кетті. Қойды жазда ұстау қиын болған соң ірі қара малды бордақылауға ауыстым. Егер қомақты қаржы бергенде бұдан да көп мал алатын едім. Себебі бұқа байлап, оны сату тиімді болып тұр. Себебі ірі қара малын барлық мезгілде ет ретінде өткізуге болады.
Мысалы қойды күзде байлап, қыста сатуға жібереміз. Жылқы еті көбінесе қыс мезгілінде, яғни соғым уақытысында ғана жақсы өтеді екен.
Маған ауылдың төңірегінде 100-200 қой ұстаған қиын болып кетті. Қыста қолға қараған малға шөп бермесең, жайылым алыс болып кетеді. Осы себептен де бордақы жағына ауыстым. Бордақы мал үйден шықпайды. Оның етін базарға алып барсаң да және сойып сатсаң да өтімді», – дейді ол.
Мектепте орта білім алған азамат жүргізуші болып жұмыс істейді екен.
«Өзімнің жеке тракторым бар. Әкем бұрын колхозда 40 жыл тракторист болған, ол кісі бұзылған жерін жөндеп береді, мен жүргіземін. Сонымен жазда шөп шабуға шығып, ауыл тұрғындарына ақысына шөп сатамын. Өзіңіз білесіз ауылда трактор табылмайды. Өзімнің шөбімді жинаймын және елдің шөбін ақшаға орамын. Әйтеуір ауылды жер болған соң қарап жатқан жоқпыз», – дейді ол.
«Қазақтың ақбас сиыры сүтті және етті болып келеді»
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алған азаматтың бірі Абай ауылының тұрғыны – Азат Сансызбаев. Екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған отыз төрт жастағы азамат 6 миллион 900 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алғанын айтады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы ең алғаш ауылдық әкімшілікте өткен жиналыста естідім. Аталған жиналыста «Жеңілдетілген несие аламын деушілер болса, құжат жинасын» деп айтты. Содан не керек, құжат жинап, өткізу жұмыстары басталды. Менің мүлкімді бағалап, 6 миллион 900 мың теңге берді. Бұл қаржы ешқандай қиындықсыз жеке шотыма аударылды. 6 миллион 900 мың теңгеге Семей қаласынан 16 бас ақбас сиыр сатып алдым. Бір сиырдың құны 285 мың теңге болды.
Қазіргі кезде сиырларымның саны көбейіп, 30-дан асты. Тіпті алдыңғы жылы алған несиемнің алғашқы қарызын жауып тастадым. Әр алты ай сайын 860 мың теңге төлеу анау айтқандай салмақ емес. Кеудесінде жаны бар адам, 6 айда әрекет етіп, бұл қаржыны табады. Мысалы биыл он төрт бас сиырымыз туып, оның сүт, құрт, майын өзіміз пайдаланып, ал отбасымыздан артылғанын сатып жатырмыз. Нақтырақ айтсам әр сиырдан күніне 4-5 литр сүт аламыз, өйткені қалған сүтті бұзауларға береміз. Сүттің бәрін қақтап сауып алсақ, бұзауы ет байламай қояды. Сол себепті шамамен күніне 50 литр сүт аламыз. Біз оны көтерме бағамен 180 теңгеден өткіземіз. Ал тапсырыс бар болатын болса қаймақ, құрт жасаймыз. Қазақтың ақбас сиырының басты ерекшелігі сүтті және етті болып келеді. Алты айдан соң еркек бұзауларды бордақылап, сатуға болады», – деді ол.
Азат Сансызбаев Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінде 8 жыл маман болып жұмыс істегенін айтады. Алайда ол қазір жеке шаруашылығын дамыту үшін аталған қызметтен кеткенін ескертті.
«Негізі Тараз қаласындағы «Әулие-Ата» университетін қаржыгер мамандығы бойынша аяқтағанмын. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясында 8 жылдай қызмет етіп, ол жерден көп тәжірибе жинадым. Қазір өзім кәсіп бастап, бірнеше адамны жұмыспен қамтығым келеді. Қазіргі уақытта ақбас сиырды ұстап байқап жатырмын, болашақта шетелден келген сиыр тұқымын асырау жоспарымда бар. «Ауыл аманаты» бойынша алған несиемді жауып, тағы да үлкен соммада алуға болады екен. Осы жобаның арқасында малдың санын көбейтіп, бұқаларды бордақылап, ұрғашы сиырлардың басын көбейтіп жатырмыз», – дейді ол.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ