«Экологиялық туризмді дамытуда ескеретін мәселе көп»
Жаздың үш айында адамдар күнделікті қарбаластан бір тыныстап, демалып алуға тырсады. Ал еліміздің туризм саласында азаматтардың жақсы демалуына қаншалықты жағдай жасалған?
«Қазақстан туристік орындарын тиімді қолданып жатқан жоқ»
Туризм саласының сарапшысы Нұржан Әбдіразақ туризм деген «тур» саяхаттау, тур жасау деген мағынаны білдіретінін айтады. Мәселен 1 жылдың ішіндегі 24 сағатта өзі тұратын жерінен басқа өңірге барса оны турист деп атайды.
«19-20 ғасырдан бастап туризм бизнеске яғни, ақша табу көзіне айналды. Бұрын сауда жасау ғана ақша табу көзі болып саналса, саяхаттау орынын ұсыну арқылы үлкен қаржы табуға болатынын түсінді. Қазіргі таңда туризм мұнай, дәрі-дәрмек сату, тағам өнеркәсібі секілді индустриядан кейін тұрған әлемдегі топ 5 ақша табуға болатын саланың бірі. Елдің ішкі экономикасының дамуына үлес қосатын үлкен индустрия.
Қазақстан ұзақ жылдар бойы Кеңес Одағының құрамында болды. Ал Совет үкіметі жабық мемлекет болғаннан кейін саяхаттау, туризм деген талқылауға жатпайтын нәрсе болатын. Сәйкесінше, туризм елімізде батыстағыдай әлемдік деңгейде дамыған жоқ. Соның әсерінен біздегі инфрақұрылым туризмге негізделіп жасалған деп айта алмаймын. Екіншіден, туризмнің маңызын көрмегендіктен де ол салаға приоритет берілген жоқ. Біз Кеңес Одағынан тәуелсіздік алып шыққаннан кейін де, туризм ақша алып келетін бизнес көзі ретінде үкімет тарапынан бұл салаға басымдық берілген жоқ. Сәйкесінше бұл салада ұзақ жылға артқа қалып кеттік. Уақытысында бұл салаға маңыз берген елдер бізден кішкене озды. Мысалы Дубай, Тайланд деген елдерді есептемегенде, посткеңестік елдерден Грузия, Балтық елдері туризм бойынша жақсы нәтижелерге жетіп жатыр. Біздің мұнайымыз бар, Грузияның мұнайы жоқ деп те айтуға болады. Туризмнің дамымауына мұның да әсері бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарат Тоқаевтың туризмге қатысты сөзінен кейін ғана журналистер сұқбатқа шақырып жатыр. Мұның өзі бұл салаға енді ғана маңыз беріліп басталғанының көрінісі. Мен бұл мәселені 10 жыл бойы, яғни туризм саласының сарапшысы болғалы бері айтып жатырмыз. Туризм мемлекет басымдық беретін салалардың бірі болуы керек деп қаншама жылдан бері айтып, шырылдап жүрмін. Теледидарда, стратегиялық құжаттарда да сөз ретінде айтылып қояды да, ал іс-шаралар аз жасалады. Осы себептен де туризм елімізде аса қатты дами қоймаған. Дүниежүзілік экономика қорының статистикасында Қазақстан туризм бойынша 70-80 орында тұр, бұл әрине көңіл көншітерлік нәтиже емес. Одан кейін дестинацияның тартымдылығы, туристік орынды жарнамалау бойынша критерийлер бойынша, шамамен осы орындарда, яғни Қазақстан туристік орындарын, өз потенциалын тиімді қолданып жатқан жоқ», – дейді ол.
«Бізге қазір массалық туризм керек емес»
Сарапшының айтуынша, Қазақстанның туризміне жауапты органдар мен Қазақ туризм ұлттық компаниясы экотуризм және тарихи туризмге мән беріп отыр. Себебі ол Түркия сияқты жағажай туризмі дейтін басқа туризм түрлері бізге келе бермейтінін ескертті.
«Бізде экологиялық туризм бойынша кластерлерді дамыту ұсынылған. Қазақстанда Ақмола облысындағы Бурабай кластері, Алматы кластері секілді көптеген кластерлер бар. Мен соңғы сұқбаттарымда басқа бір мәселені көтеріп жүрмін. Бізге қазір массалық туризм керек емес. Массалық туризмнен көптеген елдер зардап шегіп отыр. Біздің елде де көп турист тартылғанын қалайды. Өйткені олардан ақша түсіп, жұмыс орындары пайда болады. Бірақ одан да зардап шегіп отырған елдер бар.
Мысалы Испанияда массалық туризм және овер туризм болып кетті. Овер туризм деген асыра турист тарту болып саналады. Бұл деген сөз қабылдап алынған туристтер саны қабылдап алатын сыйымдылықтан асып кету дегенді білдіреді. Қазір Испания туристтерден құтыла алмай отыр. Ағылған қонақтардың құтылудың амалы ретінде барлық нәрсені қымбаттатып жіберді. Жергілікті халық туристтерді ұнайтпай, көтерілетінді шығарды. Өйткені, жергілікті халық жүрейін десе жер жоқ, көшеде кептеліс, бір жерге барайын десе ұзын сонар кезек, автобуста орын жоқ. Енді туристтер әр жерден келгеннен кейін бағаның қымбаттауына әсер етеді. Сондай-ақ қазір Түркияда соның зардабын шегіп жатыр», – дейді сарапшы.
«Табиғи ресурстарымыз да шектеулі»
Нұржан Әбдіразақ туризмді жаппай дамытқан кезде табиғатқа зиян келетінін ұмытпау қажет екенін айтады.
«Әрине бізге тұрақты даму туризмі бар, бірақ ол табиғатқа және жергілікті халыққа зиян келмейтін дәрежеде дамытып, оның алғышарттарын жасау керек. Егер оны жасайтын болса туризмді дамытуға болады. Бірақ көп елдер оны ескеріп, ондай талаптарды қадағалап жатпайды. Мысалы, Тайландта кейбір аралдарды мүлде жауып тастаған. Өйткені, туристтер қоқысқа толтырған және туризм дамыған кезде кәсіпкерлер тұмса табиғатты отап, бетоннан үй сала бастайды. Осыдан табиғатқа үлкен зиян келеді. Бізге осындай жағдайға түсу керек па? Мысалы, мұнай таусылады, ол шектеусіз емес. Сондықтан дәл осы сияқты табиғи ресурстарымыз да шектеулі. Көп туристтер тартамыз деп табмғатымыздан айырылып қалсақ не болады? Демек экологиялық туризм дегенде барлық туристтерді тартудың қажеті жоқ. Сондықтан арнайы талаптарды ескеру керек.
Жалпы менің өзімнің ұсынып жүрген бір ұсынысым бар. Бізге экотуристтер деген сегмент таңдап алу қажет. Ол дегеніміз білімді, табиғатқа зиян келтірмейтін, ақшасы бар сегменттерді тарту керек. Мәдение-тарихи туризмді әдемі түрде көрсетуіміз қажет. Мысалы, Түркістан Қазақстан үшін жақсы үлгі, дамып жатыр. Бірақ ол жерде тұрақты даму талаптарын қадағалау керек. Қаншалықты рас өтірігін білмеймін, ұзын құлақтардан бір әңгіме естідім. «Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне үлкен зақым келіп жатыр» дейді, «Не себепті» десем, «Себебі, Қожа Ахмет Яссауидың айналасына инфраструктура салған кезде көп талаптар сақталмаған көрінеді. Бұл кесене ЮНЕСКО-ның қорғауындағы тарихи-мәдени орын, ол қасындағы кешендерге, ғимараттарға әсер етіп жатыр» дейді. Оның жан-жағын абаттандырды. «Соның кесірінен айналасы шөгіп жатыр» деген сыбыс бар. Ол енді кесенеге әсер етпей қоймауы мүмкін. Оған ғылыми түрде қарау керек. Себебі, бұл жай ғана сыбыс. Бірақ инфрақұрылымдық даму, туристті тарту, жарнамалау жағынан Түркістан қаласы жақсы жұмыс істеп жатыр», – дейді сарапшы.
«Dark» туризм, яғни қараңғы туризмді дамыту керек»
Сарапшы тарихи-мәдени кешенді Маңғыстау облысында дамытуға болатынын айтады.
«Мысалы, Маңғыстауда жерасты мешіттері бар. Бұл Ислам өркениеті үшін өте уникалды нәрсе. Ислам өркениетінде 10 ғасыр бұрын салынып, әлі күнге дейін сақталып келе жатқан жерасты мешіттері бар ма? Қаншалықты деңгейде ол жаққа туристтердің барып жатқанын білмеймін, бірақ, біздің қазақтардың көбісі оны білмейді, маңыз бермейді. Оның туристтік орын ретінде ерекше екенін сезіне бермейді. Неге? Өйткені, біз ақпараттандырып, жарнамалап жатқан жоқпыз. Маңғыстауда одан бөлек Каспий теңізі бар, жағажай туризмі үшін өте керемет. Бірақ Маңғыстау облысының туристтік орындарын өз дәрежесінде пайдаланып жатқан жоқпыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында Бөкей Ордасы бар, Қазақстанда тұңғыш мектеп салынған жерлер. Орал қаласындағы Назарбаев даңғылы тұнып тұрған тарихи жер. Осы сияқты басқа өңірлерде тарихи орындар баршылық. Бірақ, біз оның потенциалын дамытып жатқан жоқпыз. Оған Спорт және туризм министрлігі мен өңірлердің туризмге жауапты басқармалары да айыпты. Менің ұсынысым тарихи-мәдени туризмді дамыту үшін туристтік орындарды дамыту керек. Альтернативті туризмді дамытудың баламалы түрлері бар.
Бұдан бөлек «Dark» туризм, яғни қараңғы туризм – бұрын трагедия болған жерлерге назар аудару қажет. Польшада концлагерлерді туристтер баратын орын ретінде пайдаланып отыр. Еврейлер барып ата-бабаларының қалай қиналғанын көреді. Бізде «Карлаг», «АЛЖИР» секілді концлагерлер бар. Осы жерлердің де потенциалын пайдаланып отырған жоқпыз. Семей полигоны әлемде алғашқы сынақ жасалған жерлер. Неге оны «Dark» туризм ретінде көрсетпеске? Бір жағынан қараңғы туризм, бір жағынан тарих. Арал теңізі бүкіләлемдік трагедия, ол жерге шетелден болсын, Қазақстаннан болсын туристтер тартуға болады. Осындай жерлерді альтернативті түрде пайдалануымыз керек», – дейді ол.
«Көкшетауды «Қазақстанның Швейцариясы» деу дұрыс емес»
Нұржан Әбдіразақ Қазақстанда халық барып, демалатын жерлер көп екенін ескертті. Сондай-ақ ол Қазақ туризм ұлттық компаниясының сәтсіз жарнама жасап отырғанын айтты.
«Экотуризм бойынша Қатонқарағай, Тарбағатай, Бурабай, Алматы облысындағы Көлсай көлдері, Шарын шатқалы, Қарқаралы, Баянауыл, Бозжыраға баруға болады.
Қазақ туризм ұлттық компаниясы туристтік орындарды жарнамалған кезде ұтымды болу үшін екі елді салыстырады. Бірақ бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Көкшетауды «Қазақстанның Швейцариясы» дейді. Ол да дұрыс емес, себебі, осы сөз арқылы өз жерімізді құнсыздандырамыз. Швейцарияны көтермелеп, Қазақстанды кіші нұсқасына теңеп тұрамыз. Өйткені, еліміздегі ол орындар әлемде теңдесі жоқ уникалды жерлер. Сондықтан, туризмді жарнамалаған кезде басқаша позиция ұстану керек. Біз әрдайым осылай жарнамалаймыз. Мен бұрын оны байқамайтынмын. Бұл туралы маған түрік профессорым «Түркістан қаласында Сингапурға ұқсас бір кішкене бұрыш жасап қойыпты. Соған осы Түркістанға жараса ма? Оның өзінің ерекшелігі бар, неге ол жерді Сингапурға айналдыруға тырысамыз» деп айтты», – дейді сарапшы.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ