«Су дипломатиясына көңіл бөлу керек»
Биылғы тасқын су дүйім жұртты дүрліктіргені белгілі. Алайда су саласының мамандары тасқын судан шошымай, керісінше оған қуану керек екенін айтады. Солардың бірі һәм бірегейі белгілі ғалым, су шаруашылығы саласының ардагері Әмірхан Кеншімов.
«Шетелдің су саясатына тәуелді болып отырмыз»
Әмірхан Кеншімов су ресурстарының табиғи процесс болғаннан кейін оны тиімді пайдалану керек екенін айтады.
«Қазақстанда өзінің су ресурстарына жататын жеті-сегіз ірі бассейн бар. Олардың ішіне Жайық-Каспий, Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Еріс, Есіл, Нұра-Сарысу, Тобыл Торғай және Шу-Талас су шаруашылығы бассейіні кіреді. Негізгі ең үлкен бассейн – Балқаш-Алакөл бассейні болып саналады. Одан кейін Арал-Сырдария, Ертіс болып кете береді. Өздеріңге белгілі суды ең көп керек ететін оңтүстік облыстар. Ауыл шаруашылық саласы дамыған Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарына су өте көп керек. Өкінішке қарай бұл өңірлерде су тапшы болып отыр. Негізі елімізде су жетеді, бірақ оны пайдалану үшін дұрыс технология керек.
Еліміздегі су ресурстарының көлемін әртүрлі айтады. Ресми түрде 100 миллиард 500 миллион куб метр су бар дейді. Кейінгі мәліметтерде сүйенсек, елдегі су қоры 102 млиллиард куб метр көрінеді. Осыдан 10 жыл бұрын 105 миллиард су қоры бар деп айтылған. Ал 50 жыл бұрын яғни 1974 жылдары 114 миллиард деп есептелген еді. Статистикаға қарайтын болсақ, су біртіндеп азайып келе жатыр. Бұны табиғи құбылыс деп есептеуге болады. Бірақ, біздің негізгі өзендеріміз шетелден басталады. Жайығымыз Ресейден басталса, ал Сырдарияға су Қырғызстан мен Өзбекстан және Тәжікстан арқылы бізге келеді. Бір сөзбен айтқанда сырдарияны 4 мемлекет пайдаланып отыр.
Ал Шу-Талас басейінін айтатын болсақ, оның бас жағы Қырғызстанда болса, Іле өзенінің негізгі су ресурстары Қытайда түзіледі. Ал Ертіске Қара Ертістен 10 миллиардқа жуық су келеді. Өздеріңіз байқағандай негізі су ресурстарымыз шетелмен байланысты. Сондықтан біз шетелдің су саясатына тәуелді болып отырмыз. Сол себептен біздің елдің бағыты суды дұрыс пайдаланып, үнемдеу болуы керек. Су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру өте өзекті мәселе. Мысалы, шетелдің тәжірибесіне қарасақ, олардан көп нәрсе үйренуге болады. Айталық Қытай мен Израильде су технологиялары өте жоғары деңгейде дамыған. Тіпті кіп-кішкентай әрі суы тапшы Израиль мемлекеті ауыл шаруашылық өнімдерін шетелге сатып отыр. Ал АҚШ пен Еуропа елдерінде барлығы жоғары деңгейде автоматтандырылып, компьютерлендіріліп тасталған», – дейді ол.
«Қос қалада тамшылатып суаруға қажетті трубаларды шығарып жатыр»
Сарапшы бізде су шаруашылығын игеру өте төмен деңгейде екенін айтады.
«Шыны керек біз баяғы ата-бабамыздан қалған ескі жүйе бойынша жұмыс істеп жүрміз. Негізі жаңбырлатып суару Совет үкіметі кезінде бастаған, бірақ ол кейін аяқсыз қалды. Өткен жолы Шымкентте жаңбырлатып суғаруды іске асыратын машиналарды шығаруды қолға алды дегенді естідім. Ал енді тамшылатып суаруға келетін болсам, Совет үкіметі тұсында өте аз болды. Қазір оны қайта жасау қолға алынып, жер-жерде сол технологияны пайдаланып жатыр. Бірақ негізінен су құбырлары мен аппаратураларды пайдалануды игеру керек. Бірақ бұл құрылғылар шетелден келеді. Бізден көрші Өзбекстан, Қырғызстан озып кетті.
Қазіргі таңда Шымкент пен Қонаев қаласында тамшылатып суаруға қажетті трубаларды шығарып жатыр. Енді қазір барлығы қарқын алып дамып келе жатыр. Бірақ барлығын іске асыру үшін қаржы керек. Егер қаржыны дұрыс пайдаланылатын болсақ, тек трубаларды шығарып қана қоймай, шаруаларды үйрету керек. Оның қалай қолданылатынын, қай уақытта қосып, жабатынын бақылап отыру керек. Трубалар судан бітеліп қалуы мүмкін, сол себепті фильтрлерді қалай қою керек екенін үйрету керек. Тамшының санын білу керек, әр топыраққа әртүрлі тамшы жіберіледі. Егер жай құндақ топырақ болатын болса, ол жерге су тіке кетіп қалады. Егер тамшы топыраққа жақын болса жан-жығана таралып барып сіңеді. Осы сияқты дүниелердің барлығын ескеру керек. Егер де оны ескеретін болса, ауыл шаруашылығын, су шаруашылығын, суды дұрыс пайдалану секілді мәселелерді шешуге болады. Сондықтан осы сала бойынша дамуымыз керек», – дейді ол.
«Барлық жақты риза қылатындай шара іздеу керек»
Әмірхан Кеншімов көктемде Батыс, Шығыс, Орталық және Солтүстік Қазақстан облыстарын су басып кеткенін еске алды.
«Топан су басқан облыстарға су қоймалары салынып жатыр. Менің ойымша, ол жәй әңгіме. Ең алдымен қай жерге су қоймасын салуға болатынын біліп, соны жаппай дамыту керек. Мұндағы мақсат сол елді-мекендерді қалай сақтап қаламыз деген сұрақ болып отыр. Негізі ол жерге шабындық пен егістік және мал жайлатын жер жасаса дұрыс болар еді. Ал оңтүстік облыстарға су өте қатты керек. Сол өңірге ыңғайлы жерден, сыйымдылығын көп етіп су қоймасын салуға болады. Өзеннің бас немесе орта жақтарына су қоймасын салса аяқ жағы құрдымға кетеді. Мысалы қазір Таластың, Шудың төменгі жағы қурап жатыр. Өйткені Қырғыздар жоғары жағына бөгет салып алды. Біздің Тасөткеліміз, сосын кішігірім өзен-көлдер бар. Талас өзенінде де сондай жағдай болып отыр. Барлық жақты риза қылатындай шара іздеу керек», – дейді ол.
«Су саласының мамандары тапшы»
Сарапшының айтуынша, су саласымен арнайы мамандар айналысу керек. Әйтсе де ол су саласының мамандары қалмағанын ескертті.
«Су мамандарының орнына студенттер немесе тағы да басқа жұмыс таппағандар жұмыс істеп жатыр. Бірақ олардың мәселені шешуі мүмкін емес. Сондықтан осы жағынан кадрларды жақсылап дамыту керек. Совет Одағы кезінде Жамбыл облысы шөптерін қиыр шығыстан бастап барлық жерге шөп жіберетін. Қазір олардың барлығы қалды ғой. Су шаруашылығы барлығын басқа жақтан сатып аламыз дегендей, су шаруашылығын дамытуды қойды. Тасқыннан кейін Президент суды басқару керек екенін көрді. Сонымен қатар суды дұрыс пайдалануды дамыты керек екенін түсінді.
Тараз өңірлік университетінің базасында Жамбыл облысындағы гидромелиортивтік-құрылыс институты қалпына келтіріледі деп жатыр. Су ресурстары жөнінде мамандарды Қазақ ұлттық университеті дайындайды ғой. Ол университеттің профессорлары күшті. Ал оларды Таразға алып бара алмайсың. Гидрологиядан Қаныш Сатпаев университетінің мамандарды баяғыдан оқытады. Тек қана су шаруашылығына керек мамандарды дайындау керек. Ол гидротехникалық федерация, гидротехникалық құрылыс, су алып кету және канализация. Механизациялау және автоматтандыруды сол жерден үйрену керек.
Содан кейін судың экономикасы деген болады. Оны дамыту керек. Қалғанын Қазақ ұлттық университеті мен Қаныш Сатпаев университеттері дайындауы керек. Оны ұлттық су ресурстары деп атауы керек еді. Мамандарды дайындау мәселесі де өткір болып тұр. Біз отыз жылда шығарған мамандарға инженерлік-техникалық білім бермегенбіз. Біз тек суды қалай пайдалану керек екенін ғана айтамыз, бірақ су апаты, суды өзеннен алу жүйесі, суды пайдаланатын жерге дейін алып бару жүйелерін үйретпейміз. Негізі солардың барлығы инженерлік-техникалық дайындықта пысықталады. Егер дайындық болмаса біз дамымаймыз. Негізі инженерлік-дипломатиялық мамандықты дамытқаннан кейін барып, дипломатиялық жағынан, ғылыми зерттеу жұмыстарын магистаратура, докторантураға қалдыруға болады. Бұл мәселені біздікілер әлі жөнді түсінбей жатыр. Осының барлығын жүйелеу керек», – дейді ол.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ