«Ауыл аманаты» Астана маңындағы ауылдардың ажарын ашты

2023 жылдан бастап Үкімет AMANAT партиясымен бірлесіп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және проблемаларын жедел шешуге мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске қосты.  Аталған бағдарлама 2019 жылы Жамбыл облысында пилоттық режимде сәтті іске асырылған болатын.  Әулиеатада басталған игі іс-шара еліміз көлемінде қолдау тауып, кәсіп бастаймын деген азаматтарға зор қолдау болды.

«Үкіметтің жеңілдетілген несие беруі жақсы болды»

Бүгінде елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша мыңдаған азамат жеңілдетілген несие алып, екі қолға бір күрек тапты. Солардың бірі Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылының тұрғыны Айдынбек Әсен. Аталған азамат «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өз кәсібін бастап, табыс тауып отыр.

«Мен негізі бұған дейін Алматы қаласында жиһаз өндіретін жерде жұмыс істегенмін. Алматыдағы жиһаз цехында үш жыл бойы жұмыс істеп, ол жерден біраз тәжірибе жинадым. Жалпы өзің білетін сала бойынша кәсібіңді жүргізбесең кез келген адамның жиһаз өндірісін алып кетуі қиын. Алматыдан Астанаға келгеннен кейін өз кәсібімді ашып, дамытсам деген ой болды. Бірақ қаражат жағы қолбайлау болып, үлкен істі бастауға жүрексініп жүрдім. Әуелі өзім үйренген дүниелерді жұмысшы алып, жастарға үйреттім. Себебі үлкен іс бастау үшін азаматтарлың тәжірибесі болу керек. Егер жұмысшылардың тәжірибесі болмаса үлкен істі бастап, оны жүргізіп кету қиын.

Содан не керек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен 7 миллион теңге көлемінде несие алдым. Өз басымда несие алуда қандай да бір қиын болған жоқ. Тек несие алу үшін кепілдікке жылжымайтын мүлік қою керек екен. Қоянды ауылындағы өзімнің баспанамды кепілдікке қойып, қажетті қаржыны алдым. Бірнеше апта өткеннен кейін несие мақұлданып, өз кәсібімді бастауға мүмкіндік туды», – дейді ол.

«Ауыл аманаты» пайдалы бағдарлама болды»

Айдынбек Әсен қазір жұмсақ жиһаз яғни, диван жасап, халыққа ұсынып жатқанын айтады.

«Жеңілдетілген несиеге жиһаз жасайтын станоктар сатып алып, жұмысымды жеңілдеттім. Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасы өзім секілді азаматтар үшін өте жақсы, пайдалы бағдарлама болып отыр. Сондықтан да Үкіметтің бизнес ашамын деген адамдарға көмек ретінде жеңілдетілген несие беруі жақсы болды деп ойлаймын. Ауылда екі адамға болса да жұмыс орнын ашып, бизнесті дамытуға мүмкіндік алдық. Алған ақшамызға жиһаз жасайтын құрал-жабдықтар сатып алып, жұмысымызды жүргізіп жатырмыз.

Шағын цехым Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылында орналасқан. Ақырындап өнімдерімізге сұраныс артып келеді. Қоянды ауылы Астананың іргесінде болғандықтан өз өнімдерімізді бас қалаға әкеліп, өткіземін. Нақтырақ айтсам қаланың ішіндегі базарларға көтерме бағада жеткіземін. Қазіргі кезде тек қана диванмен айналысып жатырмыз. Болашақта өзге де жиһаз түрлерін өндіруге күш салсам деймін», – дейді ол.

«Несиені мерізімінен бұрын жапсам деймін»

Кәсіпкер несие алуда қандайда бір қиын болмағанын айтады. Сондай-ақ ол несиені мерізімінен бұрын жауып, тағы да көмек алғысы келетінін ескертті.

«Өз басымда несие алуда қандайда бір қиын болған жоқ. Несие алу үшін кепілдікке жылжымайтын мүлік қою керек екен. Астананың іргесіндегі Қоянды ауылындағы өзімнің баспанамды кепілдікке қойып, қажетті қаржыны алдым. Бірнеше апта өткеннен кейін несие мақұлданып, өз кәсібімді бастауға мүмкіндік туды.

Жеңілдетілген несие алу біле білген адамға жақсы жеңілдік. Өз басым несиені төлей алмаймын деп қорықпаймын. Себебі өзімнің істеп жатқан ісіме сенімді болғандықтан қорықпай, керісінше оны одан сайын дамытсам деп отырмын. Оның үстіне бастапқа бірінші жылы демалыс ретінде беріледі. Несиені алғашқы бір жыл төлемеймін, ал бір жылдан кейін бастапқы пайызын төлеп, одан әрі үш ай сайын бөліп төлейміз. Мысалы өзім үш ай сайын 500 000 теңге төлеп отырамын. Кесте бойынша алдағы бес жылда несиені толық жауып тастасам деймін. Егер мүмкіншілік болса, қарызды бірден жауып тастауға да болады. Несиені мерізімінен бұрын жапсам кейін тағы да жеңілдетілген көмек ала аламын», – дейді ол.

«Айына 20-30 көлемінде диван шығарамыз»

Кәсіпкер бұрын Алматы қаласында диванға деген сұраныс жоғары болғанын айтады.

«Өзіңіз білесіз Астана қаласы Алматы секілді күн өткен сайын өсіп, өркендеп жатыр. Ілгеріде біздің өнімге сұраныс аз болса, қазір адам саны көбейген сайын сұраныс артуда. Бұдан бөлек Астананың іргесіндегі ауылдардан да тапсырыстар түсіп тұрады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні жиһазға сұраныс тоқтап қалады деп уайымдаудың қажеті жоқ. Себебі адамдар өздеріне қажетті жиһазды қолдана береді. Бір сөзбен айтқанда жиһаз саласының болашағы зор. Мысалы қазір шамамен айына орта есеппен 20-30 көлемінде диван шығарамыз. Диванның құны көлеміне қарай әртүрлі болып келеді. Айталық орташа бағадағы диван 200-380 мың теңге болса, ең төмен баға 100-120 мың теңге тұрады», – дейді ол.

Кәсіпкер  «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алуды құптайтынын, сондықтан да осындай бағдарламаны іске қосқаны үшін Үкіметке алғысым шексіз екенін айтты.

Шалқарлық кәсіпкер наубайхана ашты

Қояндылық Айдынбек Әсеннен бөлек Шалқар ауылынның тұрғыны Әмина Шоқаева «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша наубайхана ашып, жұмысын жандандырып отыр. Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға өтінім беріп, 5 млн. теңге көлемінде жеңілдіктілген несие алған. Осы қаражатқа кәсіпкер Шалқар ауылында бір адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, наубайхананы жабдықтап, іске қосты.

Өткен жылы Ақмола облысына «Ауыл  аманаты»  бағдарламасы бойынша 250 жобаны жүзеге асыру үшін 1 млрд. 200 млн. теңге бөлінген. Ал Целиноград ауданы әкімдігі «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 30 кәсіпкерге жалпы сомасы 171,3 млн.теңгеге берген. Әрбір жоба үшін несиенің орташа мөлшері 5,7 млн. теңгені құрайды.

Мемлекет басшысы бекіткен «Ауыл аманаты» бағдарламасының мақсаты ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту болып отыр. Бағдарлама бірегей, ол бойынша ауыл тұрғындарына 2,5%-бен 8 млн теңгеге дейін несие беріледі. Целиноград ауданының жоғары ауылшаруашылық әлеуетін ескере отырып, оны одан әрі дамытудың жақсы перспективалары бар.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ