«Жасыл экономика арқылы елдің экономикасын дамытуға болады»

Қазіргі таңда табиғатқа зиян келтіретін қоңыр экономикадан бас тартып, жасыл экономиканы дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Себебі сарапшылар жасыл экономиканы дамыту ғаламдық жылынудың алдын алатынын айтады. Ал соңғы кездері жиі айтылатын жасыл экономика деген не, оған не жатады?
«Жасыл экономика қоршаған ортаға зиянсыз экономиканы дамытуға үндейді»
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, ХХІ ғасырда жасыл экономиканы дамыту өте маңызды болып отыр. Себебі ол өндіріс орындарындың ауаға жіберетін зиянды қалдығынан адамзат зардап шегіп жатқанын ескертті.
«Жасыл экономика деген ең бірінші кезекте қоғамға, экологияға, жалпы адамдардың тұрмыс-тіршілігіне зияны жоқ, экологиялық тазалыққа бағытталған экономикалық шаруашылық жүйе. Бізде жасыл экономикалық түсінік қалыптаспаса индустриализация, кәсіпорындар, газ-мұнай секілді басқа да үлкен салалардың қарқынды дамуы және сол өндірістен шыққан қалдықтардың қоғамға, қоршаған ортаға, ауаға кері әсерін тигізіп жатқанын мойындауымыз керек. Бұрынғы уақытта қоғамға, қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың көп шығуын қоңыр экономика деп атаған. Мысалы, Астана іргесіндегі Теміртаудағы бір ғана қаланың ішінде 7-8 ірі өнеркәсіп орталығы жұмыс істейді. Өндіріс орындарынан шыққан зиянды қалдықтар сол маңдағы радиусы 500-600 шақырым болатын тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізіп, әртүрлі аурулардың пайда болуына түрткі болады.
Қарапайым халықтың денсаулығына зиян келтірмейтін қандай альтернативті жол бар? «Қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды шығармай дамытуға бола ма?» деген мәселені әлемнің ғалымдары сұрақ ретінде көтерген. Ғалымдардың ұсынысы бойынша жасыл экономикаға деген көзқарас қалыптаса бастады. Яғни, қоғамда қоңыр экономика және жасыл экономика деген ұғым пайда болды. Қоңыр экономикаға атмосфера қабаттарын жарып өтіп, қазіргі климаттың өзгеруі, жаңбырдың болмауы, күннің ысуы жатады. Осыған жауап ретінде әлемнің мықты ғалымдары жасыл экономиканы ұсынып, ол мемлекеттік және халықаралық тұрғыда қолдау тауып жатыр. Жасыл экономика дегеніміз табиғаттың өзінің ерекшелігін тиімді пайдалану болып саналады», – дейді ол.
«Қазақстанды әлемде индустриалды мемлекет ретінде таниды»
Экономист еліміздің «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізгенін еске алды. Әйтсе де ол біздің толыққанды жасыл экономикаға көшуіміз қиын екенін айтты.
«2017 жылғы біздің негізгі ұранымыз «Жасыл энергетиканы дамыту» болатын. Сонымен қатар, жасыл экономикадан бөлек Қазақстанды жалпы әлемде индустриалды мемлекет ретінде таниды. Батыс Қазақстан облыстарындағы мұнайымыз, Қарағанды облысындағы көмір шахталары және Жезқазған қаласындағы «Қазақмыс» компаниясының экономикаға пайдасы орасан болғанымен экологияға тигізіп жатқан кері әсері көп. Ал Еуропа мемлекеттерінің негізгі ұстанымы қоршаған ортаға зиянын тигізетін кәсіпорындардың санын азайта отырып жасыл экономиканы дамыту болып отыр. Біз 2017 жылдың қарсаңында «Жасыл экономиканы дамытуға көшеміз» деп жаһанға жар салдық. Себебі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің негізгі бағыты жасыл энергетиканы дамыту болды. Әртүрлі жел электр станцияларын дамытамыз, жалпы экономиканы сол бағытқа тұрғызамыз деген бағыт болды.
Мәселен Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданында жел электр станциялары сол жердегі елді-мекеннің жартысын электр энергиясымен қамтамасыз етіп жатыр. Осындай қоршаған ортаға, қоғамға еш зияны жоқ дүниелерді тиімді пайдалану арқылы экономиканы көтеруге болады. Бір сөзбен айтқанда жасыл экономика қоршаған ортаға тиімсіз жағдайлардың алдын ала отырып, экономиканы дамытуға үндейді.
Шын мәнісінде жасыл экономика тек экологияға ғана қатысы жоқ, ол көптеген өндірістен шығатын қалдықтарды қайтадан өндіру арқылы халық игілігіне жаратуға мән береді. Осы бағыттардың барлығы жасыл экономиканың мән-мағынасын ашады.
Негізі 2017 жылы «ЭКСПО» халықаралық көрмесімен қатар ашылған жасыл экономикаға бағытталған коалиция бар. Аталған коалиция әртүрлі акциялар ұйымдастырады. Мысалы Астананың маңайында көптеген студенттермен бірге зиянды қалдықтарды іріктеумен айналысады. Мысалы біз тұрмыстық қалдықтарды, ас қалдықтарын барлығын араластырып қоқыс салатын жәшікке лақтыра береміз. Ал оны өндіріс арқылы бөліп алу өте қиын. Қазіргі таңда бірнеше жәшікті қойып, қоқысты бөлек-бөлек салуды халықтың санасына сіңіруге байланысты жұмыстар жүріп жатыр», – дейді ол.
«Полиэтилен салафандары 20 жыл бойы шірімейді»
Бауыржан Ысқақ әлем бойынша Франция ғана жасыл экономикаға көшуде көш бастап тұрғанын айтады.
«Мысалы күнделікті дүкенге барғанда бізге полиэтилен салафандарын береді. Ал ол пакеттің химиялық элементі жоғары болғандықтан суға, жерге лақтыра салсаң, оның шіріп кету процесі 20 жылдан астам уақыт алады. Қазір көптеген жерлерде өзен-көлдердің тартылып жатқаны осындай полэтилен пакеттердің шығарылуына байланысты болып отыр. Францияда пакеттерді өндірістен алып тастап, оның орнын қағаздан, матадан жасалған пакеттерге алмастырып жатыр. Егер қағазды лақтыратын болсақ, оның шіріп кету мерзімі 2-3 күн ғана екен. Осындай акцияларды біздің елде де қолға алып жатыр. Бірақ оның қандай нәтиже бергенін халық жақсы біледі. Бірінші кезекте мұндай акцияны халықтың өзі бастау керек. Бұқаралық ақпарат құралдары осыны халықтың санасына сіңіріп, айта беретін болса, халықтың білімі артып, өздері талап ете бастайды», – дейді ол.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ